Терроризмге қарсы жаттығу: Қазақстан мен Пәкістан әскері бірлесіп дайындалып жатыр

Жаттығуға жаяу әскер жауынгерлік машиналары, артиллериялық және зениттік кешендер, Ми-17 тікұшақтары және ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған

Sarbaz.kz редакторы
24/08/2023 - 20:12

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

«Жаңа-Ахмер» оқу полигонында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаевтың басшылығымен «Достарым-2023» бірлескен тактикалық-арнайы терроризмге қарсы оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Пәкістан тарапынан құрметті қонақ ретінде Пәкістан Қарулы күштері Әскери дайындық басқармасының бас директоры генерал-майор Хан Асад Наваз бен әскери атташе бригадалық генерал Али Мумтаз қатысуда.

«Достарым-2023» оқу-жаттығуы Қазақстан мен Пәкістан қорғаныс ведомстволары арасындағы биылғы жылға арналған екіжақты ынтымақтастық жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр.

Бірінші кезеңде бірлескен операцияларды жүргізу үшін біріккен тактикалық жасақ құрылды. Оқу-жаттығудың жекелеген тактикалық эпизодтары бойынша жеке және бірлескен жаттығулар ұйымдастырылды.

Жаттығуға жаяу әскер жауынгерлік машиналары, артиллериялық және зениттік кешендер, Ми-17 тікұшақтары және ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған.

Аталған шара дағдарыс жағдайында арнайы операцияларды бірлесіп жоспарлау әдістемесін әзірлеуге, басқару органдарының үйлесімділігін жетілдіруге, арнайы мақсаттағы бөлімшелер жеке құрамының дербес және топтық білімін арттыруға бағытталған.

Тегтер

×

Редакция

$ 471.83  505.66  5.4