Семейдегі әскери госпитальде «Ашық есік» күні ұйымдастырылды

Шараға Семей медицина университетінің студенттері қатысты

Sarbaz.kz редакторы
21/08/2023 - 18:31

Семей қаласының әскери госпиталі «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Іс-шараға Семей медицина университетінің студенттері қатысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғары білім алушылар алдымен мекемедегі заманауи медициналық техникамен танысты. Одан кейін госпитальде ем қабылдаушылармен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрасты. Мекеме қызметкерлері болашақ дәрігерлермен пікір алмасып, жинаған тәжірибелерімен бөлісті.

«Біз бүгін Семей қаласындағы әскери госпитальдің табалдырығын аттап тұрмыз. Алғашқы сәттен бастап алған әсеріміз өте ерекше. Жаңа үлгідегі медициналық құрылғылармен қамтылған госпитальде медициналық көмек көрсетудің ауқымын кең екенін оңай аңғаруға болады. Еліміздің қорғанына айналған азаматтардың денсаулығын қадағалайтын мекеме әскери сала әлеуетінің ғана емес, Қазақстан медицинасының өркен жаюына өз үлесін қосады деп ойлаймын», - дейді Семей медицина университетінің студенті   Гүлнар Сағындықова.

Семей қаласының әскери госпиталінде 85 кереует-орын бар. Қабырғасы 1970 жылы қаланған медициналық нысан алғашында 100 науқасты қабылдайтын мүмкіндікке ие болған. Денсаулық сақтау нысанында біліктілігі жоғары арнайы мамандар қызмет етеді.

«Госпитальде елу керуетке арналған терапия бөлімшесі мен отыз керуеттік хирургия бөлімшесі, сондай-ақ анестезиология және жансақтау бөлімшесі бес керуетті қамтиды. Тәжірибелік дағдыларды дамыту мақсатында жыл сайын госпитальге елу адам келеді», - дейді әскери госпиталь бастығының медицина бөлімі жөніндегі орынбасары, медицина қызметінің майоры Анвар  Разиев. 
Жүзге жуық медициналық маман қызмет атқаратын госпитальдің тыныс-тіршілігі студенттерді ерекше әсерге бөлеген. Осы шарадан кейін алдағы уақытта әскери ақ халатты атану кейбір студенттің түбегейлі мақсатына айналған көрінеді.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91