Қаржы мониторингі агенттігі экономикалық қылмыстарды қалай әшкерелейді

«Есірткі контрабандасына қатысты құқықбұзушылықтар негізінен мемлекеттік шекараларда және Еуразиялық Экономикалық одақтың кеден бекеттерінде орын алады»

Нұрдәулет Кәкіш
21/05/2024 - 13:21

Фото: senate.parlam.kz тікелей трансляциясының кадры

Фото: senate.parlam.kz тікелей трансляциясының кадры

Қаржы мониторингі агенттігінің Экономикалық тергеу қызметі шекаралардағы экономикалық қылмыстарды әшкерелеуге қатыстырылмайды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов ҚР Парламенті Сенатының есірткіге қарсы күрес жөніндегі жиынында мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Агенттіктің қаржылық мониторинг бойынша Экономикалық тергеу қызметі – құқық қорғау органдарының бірі болып саналады. Кедендік бекет территорияларында әшкерелеу бойынша біздің органның құзыретіне қарайтын басқа да экономикалық құқықбұзушылықтар, экономикалық контрабандалар бар. Есірткі контрабандасына қатысты құқықбұзушылықтар негізінен мемлекеттік шекараларда және Еуразиялық Экономикалық одақтың кеден бекеттерінде орын алады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, шекараларда есірткі контрабандаларын анықтау тікелей құрамында арнайы мамандандырылған бөлімшелері бар бақылаушы органдар құзыретіне қарайды. Мысалы, Германияда бұл функция Қаржы министрлігінің Бас кедендік ведомствосына, Ресейде Қаржы министрлігі Федералдық кеден қызметіне қарайды. Ал Қытайда бұл қызметті Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Есірткіге қарсы күрес бюросы, ҚХР Мемлекеттік кеңесі бас кедендік басқармасы Есірткіге қарсы күрес бөлімшесі айналысады. Осындай модельдің арқасында аталған елдердің шекараларында контрабандаға қарсы қызмет тонналаған есірткіні, есірткі зертханаларына арналған жүздеген бірлік техникаларды әшкерелейді. Мұндай жұмыстар арнайы бөлімше мамандарының қатысуының арқасында жемісті болады», – деді Жеңіс Елемесов.

Сонымен қатар ол 2014 жылы Мемлекеттік Кірістер комитеті құрылған кезде Экономикалық тергеу қызметі мен кедендік қызмет және Салық қызметі біріктірілгенін атап өтті.

«Функциясы сол кезде Кедендік қызметтен Экономикалық тергеу қызметіне берілді. Алайда Мемлекеттік Кірістер комитетінен бөлінген кезде бұл функция Экономикалық тергеу қызметінде қалғанмен, ол өкілеттіктен айырылды. Заңнамалық тұрғыдан сол кезде тиімді өзгерістер енгізілген жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ Жеңіс Елемесов ведомствода халықаралық сертификаты бар Қазақстан бойынша жалғыз кинологиялық орталықтың жұмыс істеп тұрғанын айтты.

«Біздің кинологиялық орталықта ведомстводағы кинологтармен қатар, Ішкі істер министрлігінің және Шекара қызметінің кинологтары оқу-жаттығудан өтеді. Алайда біздің ведомство – шекарада экономикалық бұзушылықтарды әшкерелеу бойынша қатыспайтын жалғыз орган. Басқа елдердің тәжірибесін алып қарасақ, оларда контрабандаларды әшкерелеу бойынша міндетті түрде шекараларда тиісті орган қызметкерлері жұмыс істейді. Ал біздің шекараларда экономикалық қылмыстарды әшкере ету бойынша біздің орган қатыстырылмайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша депутаттарды қолдау көрсетуге шақырамыз», – деді Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары.

×

Редакция

$ 523.17  550.06  4.93