«Еліміздің тұтастығын қорғауда орны зор»: Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығы атап өтілді

Еліміздің Әскери-теңіз күштері 1993 жылы құрылған

Sarbaz.kz редакторы
18/08/2023 - 04:26

Еліміздің Қарулы Күштерінің маңызды бөлігінің бірі - Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай Ақтау қаласында салтанатты шеру өтіп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Салтанатты жиынға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Марат Құсайынов, тұңғыш қазақ ғарышкері, ұшқыш, ҚР Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қарулы күштердің ардагерлері және Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты. Ал Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов шеруді басқарды.

«Тәуелсіз Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығы құтты болсын! 1993 жылы Қарулы Күштердің үлкен бір саласы болып Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Сол жылдың күзінде Ақтау қаласында алғашқы әскери теңіз базасы құрылды. Бұл Қазақстан халқы үшін тарихи маңызды, қоғамдық-саяси оқиға болып саналады. Мән беріп қарасақ, құрамында әскери-теңіз күштері бар дүние жүзіндегі ірі держава елдердің әлемдік сахнадағы салмағы қашанда зор. Өздеріңіз білетіндей, әлемнің кез келген контингентінде территориялық тұтастыққа нұқсан келтіретін қандайда бір қақтығыс оқиғалары болып жатыр. Осы тұста еліміздің тұтастығын, тыныштығын сақтауда Әскери-теңіз күштерінің орны зор. Қазақстанның 1200 шақырымға жуық теңіз шекарасы бар. Сол себепті осы шекарадағы қауіпсіздіктің сақталуы өте маңызды. Ал еліміздің Әскери-теңіз күштері кез келген шабуылды уақытында тойтаруға, еліміздің тұтастығын қорғауға қабілетті», - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов.

Осыдан кейін сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұртшылықты еліміздің Әскери-теңіз күштерінің мерейлі 30 жылдығымен құттықтады.

«Еліміз егемендік алғаннан бері сырттан теріс ниетті топтарға, тәуелсіздігімізге көз алартқандарға қарсы тұру үшін шекарамызды бекем ұстау қажет болды. Жоғарғы Бас қолбасшы - ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес теңізде, құрлықта, әуеде бекем болатын, дұшпандарды елімізге кіргізбейтін әскери күштері құрылды. Солардың сапында бүгін 30 жылдығын атап отырған Әскери-теңіз күштері құрылған болатын. Бұл Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы мемлекеттік шекараны қорғауға, еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, экономикалық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған күштер болатын. Міне бүгінге дейін Әскери-теңіз күштерінің, жалпы ҚР әскерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы - ҚР Президентіне берген антына адал екенін көріп жүрміз», - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Әкім сөз арасында мемлекет тарапынан әскерилердің, олардың отбасыларының жағдайы дұрыс болуы үшін, сол сияқты ел әскерінің қуатты болуына қажетті қару-жарақтарға, оқ-дәрілерге бөлінетін қаражаттың толық болуы үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатқанын тілге тиек етіп өтті. Бұған қоса мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайдың нәтижесінде елімізде әскерге барып, қызмет етемін дейтін азаматтардың қатары толып келе жатқанын айрықша жеткізді.

Іс-шара әдеттегідей концертпен ғана шектеліп қалған жоқ. Жұрт назарына Әскери-теңіз күштерінің қарамағындағы түрлі кемелер, нақтырақ айтқанда «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемелері, «Алатау» мина-тартқыш кемесі, сол сияқты «Табиғат» және «Жайық» гидрографиялық кемелері жүзіп өтті. Бұл теңіз сақшыларының төтеннен келген арам ниетті топтарға қарсы дайындығын көрсетсе керек.

Осыны ойлай бергеніміз сол еді, әскери кемелерден дүркін-дүркін оқ атылып, жұртты елең еткізді. Әскери техникаларға арам пиғылды топтың шабуылдап, басып алмақ болғаны, оларға тойтарыс берген теңіз әскері, артиллерияның жеңісі шынайы күйде көрсетілді. Сол сияқты қолайсыз жағалауларға тактикалық десант түсіру әдісі қалай жүргізілетіні де көрсетілді. Сонымен қоса теңіз жаяу әскерлері жуырда ғана Әскери-теңіз күштерінің қатарына қосылған «Қайсар» броньды жылдам қайығынан десант түсіруді пысықтады. Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында теңіз жаяу әскерлерінің ротасы шартты қарсылас қолындағы плацдармды қайтарды.   

Су жағасындағы қойылым аяқтала бергені сол еді, құлақ түбімізден оқ атылып, құрлықта сақшылар мен бөтен топтың айқаса кеткені көрсетілді. Калашников автоматтарынан дүркіндеп оқ атылып, бейне бір соғыс жүріп жатқандай әсер қалдырды.

«Назарым теңіздегі кемелерде еді. Олардан оқ атылғанда қорыққанымнан, дауысынан шршып, жерге жата қалыппын. Сөйтсем бұл көрініс екен. Күтпеген жерден соғыс жүріп жатқан жерге түсіп кеткендей әсерде қалдым. Жаратқан елімізді соғыстан аман етсін! Елімізде бейбітшілік мәңгі болсын!» - деп Ақтау қаласының тұрғыны Рауан Досжан алған әсерімен бөлісті.

Осылайша Ақтау қаласының жағалауында шерудің құрлықтағы бөлігі өтті. Ары қарай әскери оркестрдің үнімен салтанатты маршпен жалғасып, Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің салтанатты есеп топтары жүріп өтті. Көрермендерді әскери-теңіз формасымен және сыптай тізілген сап қатарында таңқалдырды. 

Салтанатты жиынның соңында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік отшашу өтті.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85