Математика мұғалімінен танк бригадасына дейін: Алма Маратқызының ерекше тағдыры

Ел шетіне жау тиген қиын-қыстау заманда ер-азаматтармен тізе қосып, «Алаш» деп атқа қонған аруларымыз аз болмаған

Админ
08/03/2024 - 17:42

Ұлы даланың тарихнамасында аты аңызға айналған есімдер көп болды. «Алып анадан туады» демекші, қазірдің өзінде осындай әйелдер қат емес. Солардың бірі – Гвардейск гарнизонының танк бригадасында қызмет атқаратын Алма Маратқызы.

«Информатик» лауазымын атқарып жүрген ол Алматы облысы, Жамбыл ауданы, қазіргі Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Шаңырақ астында 7 адам болса, оның 3 баласы: екі қыз, бір ұлы бар. Бүгінде 5 немере тәрбиелеп отыр.

Мамандығым бойынша мен математика пәнінің мұғалімімін. Білімімді Абай Құнанбаев атындағы Алматы мемлекеттік университетінде алдым. Мен 8 жыл математикадан сабақ бердім. Алайда 2004 жылы өмір жолымды өзгертуге бел буып, 54-ші артиллериялық бригаданың қатарына қосылдым. Мен осында 16 жыл қызмет еттім, содан кейін зейнеткерлікке шықтым, бірақ әлі күнге дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындамын, – дейді Алма.

Қазақ қыздарының батырлығы сан ұрпаққа ерлік пен елге деген сүйіспеншіліктің, Отанға адал қызмет етудің символы болып саналады. Ал мұндай психологиялық және физикалық түрде асқан төзімділікті талап ететін қызметке орналасуға нәзік жандылардың негізгі дені бата алмас.

Әскерге қалай келгенімді осы күнге дейін адамдар жиі сұрайды. Бойымда, жалпы түп-тамырымызда патриоттық сезім өрнегі таралған. Нақтырақ айтқанда, әскерилер отбасында өстім: әкем полиция қызметкері болды, әпкелерім де әскери мамандықты таңдады. Орда сақшыларынан құралған ортам, мінеки, менің де қызығушылығымды оятты. Көп ұзамай, 54-ші бригадаға шақыртуға жауап бердім. Менің алғашқы командирім полковник Руслан Досмұхамбетов аталған жолда шабыт жиған тұлға болды. Артиллерия менің өміріме нағыз жаңалық алып келді. Бар ынта-ықыласпен әдебиетті өз бетімше үйреніп, ату ережелеріне терең бойлай бастадым, далалық саяхаттар да менің күнделікті жұмысыма айналды, – дейді ол.

Ақыл мен парасат иесін оқу-жаттығуларға жиі жібереді. Гарнизонға біліктілігін арттыруға келетін офицер мен сержанттарға үнемі сабақ өткізіп тұрады. Бұл арқылы айналасын тәжірибелі мамандармен толықтырады әрі өзіне жаңаша серпіліс сыйлайды.

Көптеген адамдар сияқты мен де жауынгер атану рәсімінен өттім. Оқ пен оттың иісін жұтып, өзге қырымды тапқандаймын. Осы ретте айта кетерлігі, әскери бөлімде әрбір кадрдың жұмысы маңызға ие. Мәселен, атысқа дайындық – күрделі және көп бөлікті процесс. Кейбірі «снарядты жүктеп, оқ атсам жеткілікті. Ал, нысанаға дәл тимеуі – қарудан пайда болған ақау» дейтіні анық. Дегенмен, іс жүзінде ату алдында мұқият есептеулер жасалады. Бұл – метеостанция, жел параметрлерін анықтау, ауа райы деректерін талдау және жалпы түзетулерді есептеу. Біз желдің жылдамдығы мен бағытын, ауа мен заряд температурасын, қысымды ескереміз. Бұл есептеулердің бүкіл жиынтығы атыстың нәтижесін көрсетпек, – деп түсіндіреді әскери әйел..

Ардақты ана, келелі ой дамыған қазақ қызын Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына сабақ беруге де шақырды. Курсанттар оның кездесулерін жоғары бағалайды, әрбір дәрісінде естігендерін айтып, көргендерімен бөліседі. Ел анасын құдды аңыз санайды. Артиллерия әскері дамып, жеңістің төрінен көрінгені, міне, осы асыл жанның қосқан үлкен үлесінен деп білеміз. Сол себепті Алманы білім орталығында ғана емес жалпы Қазақстанда құрмет тұтады.

Маған Кашоид Юрий Викторович сабақ берді. Айталық, көп нәрсені үйретті. Одан бөлек, Искандеров Ришат Майданханұлы, Карыпов Андрей Андреевич те тәлімгерім болды. Алған ілімнен түйген ойыммен бөліспеске болмас: менің түсінігімше, атыс пен атуды басқару оркестрмен байланысты. Командир – дирижер, экипаж – аспаптар, әрбірінің өзіндік рөлі бар. Бастау пәрмені, барабан ұрысындай зеңбірек дауысы – бәрі біріктіріліп, таңғажайып шығарманың мазмұнын баяндайды, – дейді Алма Маратқызы.

Жас ұрпақ батыр қыздардың ерлігінен үлгі алып, оны ғасырлар бойы мақтан тұтатынына сенімдіміз. Олай болса, қазақтан шыққан кез келген белгілі азамат аруларға, аналарға қарыздар. Ажарына ақылы сай, нәзік те биязы, көрікті де келбетті қазақ қыздарының жанары әрдайым нұр шашып, жүзі күндей күлімдеп, көңілі көктемдей көрікті болсын деп тілейміз. 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

Тұрсынбек Мақсат, Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі
 

Тегтер

×

Редакция

$ 484.11  528.79  5.03