Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды: әскер қатарын 20 мың сарбаз толықтырады

Астана қаласынан мыңнан аса жігіт әскерге жіберіледі 

Sarbaz.kz редакторы
05/03/2024 - 20:37

Фото: Sarbaz.kz

Фото: Sarbaz.kz

1 наурызда әкім орынбасарларының басшылық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады. Әскер қатарын 20 мың сарбаз толықтырады. Бұл туралы Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің бастығы Айдын Сағынбеков ӨКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Спикердің сөзінше, 30 маусымға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ. 

Биыл әскер қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңнан астам ер азамат толықтырады. Оның ішінде Қарулы Күштерге  9 000-нан астам адам; Ұлттық ұланға 6 000-нан астам адам; ҰҚК Шекара қызметіне 3 000-ға жуық адам; Төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам адам; Мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам шақырылады.

Айдын Сағынбековтің айтуынша, Астана қаласынан 1 000-нан астам жігіт әскерге жіберіледі.

«Мерзімді әскери қызметке шақыру және оның белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастырылып, жүргізілетін болады.  Әскерге шақырылуға тиісті ер азамттарды хабардар ету олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізілетін дербес шақырту қағазын жолдау және 1414 қызметінің SMS-хабарламалары арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы болады», - деді ол.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату азаматтарға Электрондық үкімет порталы арқылы ұсынылады. Аталған қызметтерді көрсетуге жауапты жергілікті атқарушы органдар болып саналады.

«Әскери қызметтің әрбір жас азаматтың заңмен белгіленген міндеті болып саналатынын, ал әскери қызмет өткеруден жалтару барлық құқықтық салдарға әкеп соқтыратын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтінін еске салғым келеді. Сонымен қатар әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін белгілі бір төлем арқылы шешу жолымен көмек көрсетуге уәде беретін адамдардың әрекетінен азаматтарды сақтандырғым келеді, өйткені бұл қызметтер жергілікті атқарушы органдармен өтеусіз негізде көрсетіледі. Аталған көрсетілетін мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы нақты ақпаратты egov.kz сайтынан алуға немесе арнайы әзірленген жадынамамен танысуға болады. Олар барлық жергілікті әскери басқару органдарында бар», - деді спикер.

Әскердің барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың есебі жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беретін цифрлық форматқа ауыстырылды.

Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату жөніндегі қызмет іске қосылды. Енді азаматтар әскери қызмет өткеру мәртебесі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша мемлекеттік қызметті бірде-бір құжатсыз ала алады. Азаматтардың бұл санаты шақыруды кейінге қалдыру туралы SMS-хабарлама алады. Бұл жүйе азаматтардың әскери есебін цифрландыру жеке байланысын қоспағанда, көптеген мәселені қашықтан шешуге мүмкіндік береді.

«Қымбатты Отандастар! Мемлекет Басшысы айтып өткендей, еліміздің Тәуелсіздігін және аумақтық бүтіндігін қорғау Қарулы Күштердің басты міндеті болып саналады. Сондықтан жастарды тәрбиелеу және оларды Отанды қорғауға даярлау – мемлекеттің және қоғамның маңызды міндеті», - деді Айдын Сағынбеков.

×

Редакция

$ 483.23  534.74  5.12