Қазақстандық журналистер бітімгерлермен бірге Голан жоталарына аттануы мүмкін

Қазақстан бүгінге дейін БҰҰ-ның қандай бітімгершілік миссияларына қатысты?

Sarbaz.kz редакторы
26/02/2024 - 21:23

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстандық журналистер бітімгершілік күштермен бірге Израиль мен Сирия арасындағы даулы аумақ – Голан жоталарына аттануы мүмкін. Қорғаныс министрлігі нақты жоспарлар туралы Sarbaz.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берді.

Қысқаша тарихы

Қазақстан Республикасының Ұлттық бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) БҰҰ операцияларына қатысу үшін мамандарды белсенді түрде дайындайды. 2006 жылы «Бейбітшілік үшін серіктестік» ретінде құрылған орталық бірқатар өзгерістерге ұшырап, 2023 жылы қайта құрылды. Содан бері ол әртүрлі елдердің мамандарын дайындайтын халықаралық алаңға айналды және 600-ден астам әскери қызметкер әлемнің әртүрлі аймақтарында БҰҰ бітімгершілік миссияларында қызмет етті. Бұл бейбітшілік пен тұрақтылыққа елеулі үлес қосуға қабілет бар, сенімді қатысушы ретінде Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделін нығайтады.

Қазақстан БҰҰ-ның қандай бітімгершілік миссияларына қатысады?

  • 2007-2009 – Непалдағы миссия;
  • 2014 – қазіргі уақытқа дейін – Батыс Сахарадағы миссия;
  • 2015-2017 – Кот-д’Ивуардағы миссия;
  • 2018 – қазіргі уақытқа дейін – Ливан Республикасындағы миссия;
  • 2022 – қазіргі уақытқа дейін – Орталық Африка Республикасындағы миссия;
  • 2022-2023 – Мали Республикасындағы миссия;
  • 2023 – қазіргі уақытқа дейін – Конго Демократиялық Республикасындағы миссия;
  • 2024 – Сириядағы Голан биіктерінде бітімгершілік миссиясы басталады.

Бітімгершілік орталығын полковник Б.С.Нығметуллин басқарады.

Дайындық

KAZCENT бітімгершілік курстары, соның ішінде БҰҰ бітімгершілік қызметімен таныстыру, бітімгершілік операцияларының құқықтық аспектілері және БҰҰ-ның әскери бақылаушылары курстары бойынша мамандарды кең көлемде оқытуды қамтамасыз етеді. Еліміздің нақты жағдайларына бейімделген курс бағдарламалары әскери қызметшілердің халықаралық құқықты оқып, миссияның әртүрлі құрамдас бөліктерімен өзара әрекеттесу және әртүрлі сценарийлерде дағдыларды қолдануды үйренетін теориялық және практикалық сабақтарды қамтиды. Тренингке инженерлік және медициналық дайындық кіреді, сонымен қатар экстремалды жағдайларда іс-әрекеттер де машықтанады. KAZCENT БҰҰ-ның шетелдегі миссияларында жұмыс істеу үшін кешенді оқытуды қамтамасыз етеді.

Тіл үйрену

KAZCENT базасында әскери қызметкерлерді бітімгершілік миссияларына дайындау үшін ағылшын, француз, түрік және қытай тілдерінде оқытылады. Бағдарламаларда практикалық сабақтар, аудио және видео материалдармен жұмыс, сондай-ақ мұғалімдердің тапсырмаларын орындау қарастырылған. Мақсат – бітімгершілік миссияларын сәтті орындау үшін шет тілдерін меңгерген әскери қызметкерлердің санын арттыру. Бұл курстар сонымен қатар студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға және Қазақстанның БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуын нығайтуға көмектеседі. Өткен жылы 200-ден астам әскери қызметкер түрлі тілдік бағдарламалар бойынша оқытылды, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсім.

Дәрістерді кім өткізеді?

Орталықтың оқытушылар құрамы шетелдегі халықаралық орталықтарда білім алған және БҰҰ миссияларында жұмыс тәжірибесі бар тәжірибелі мамандардан құралған. Олар халықаралық нұсқаушылардың біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, басқа елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасу арқылы өз біліктіліктерін үнемі арттырып отырады. Сол сияқты тілдерді оқыту нұсқаушылары да шетелде базалық және біліктілікті арттыру курстарынан өту арқылы өз біліктіліктерін үнемі арттырып отырады. Бұл оларға бітімгершілік миссияларына әскери қызметкерлерді даярлауда жаңа әдістер мен стандарттарды тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, KAZCENT әскери қызметшілері нұсқаушы ретінде шетелдік сапарларға шығады. Мысалы, осы күзде офицеріміз майор Римма Шакеева нұсқаушы ретінде Нидерланд Корольдігінің Харскамп қаласында өткен «БҰҰ полициясы» курсына қатысты.

Гендерлік аспект

Орталық қызметіндегі гендерлік аспект жанжалдарға және жанжалдан кейінгі жағдайларға әсер ету үшін маңызы артып келеді. Бітімгершілік операцияларға қатысатын әйелдердің санын көбейту және оларды оқу-жаттығуларға қосу басты міндет болып саналады. Орталық гендерлік мәселелер бойынша курстар өткізеді және бітімгершілік күштерді гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға үйретеді. Қазіргі уақытта Қазақстаннан жеті сарбаз БҰҰ миссиясына қатысып, Батыс Сахарада қызмет етіп жүр.

Ұлттық контингентті дайындау

«Бітімгер» полигонында алты айда 250 әскери қызметкер кешенді дайындықтан өтті: үш ай – жауынгерлік дайындық, үш ай – бітімгершілік дайындық. Бейбітшілікті сақтаудың әртүрлі аспектілеріне, оның ішінде азаматтық және халықаралық гуманитарлық құқықты қорғауға назар аударылды. Тренингке әртүрлі орталықтардың нұсқаушылары қатысты, сонымен қатар «Көк туды» көтеру жаттығулары да өткізілді. БҰҰ делегациясы контингенттің жағдайы мен дайындығын тексергеннен кейін дайындығын растады.

Орталықтың болашақ перспективалары

Бейбітшілік операциялары орталығы БҰҰ миссияларына қатысуға дайындалу үшін оқу бағдарламаларын белсенді түрде әзірлеп және жетілдіріп жатыр. Тілдік бағдарламаларды кеңейту, курстарды сертификаттау және ұлттық контингентті іссапарға жіберу алдында тәуелсіз қосымша оқыту жоспарланып отыр. Көшпелі курстар ұйымдастыру және Орталықтың әскери қызметкерлерінің шетелде халықаралық оқу бағдарламаларына қатысуы маңызды қадам болып саналады. Орталық бітімгершілік операцияларды дайындау және осы саладағы халықаралық тәжірибені енгізу бойынша өңірлік орталыққа айналуға ұмтылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың көктемінде Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметінің тарихында тұңғыш рет ұлттық контингент БҰҰ бітімгершілік операциясына дербес қатысады. Бұл Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлкен үлесі. Айта кету керек, біздің контингент БҰҰ стандарттарына сай заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықталған. БҰҰ сарапшылары бітімгершілік қызметтегі жеке құрамның дайындығының жоғары деңгейін және нұсқаушылардың кәсібилігін бағалады.

Бітімгерлердің жалақысы БҰҰ мен Қазақстан Республикасының төлемдері есебінен қамтамасыз етіледі, бұл БҰҰ-ның 1448 АҚШ долларын және айлық жалақының үш еселенген мөлшерін құрайды.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88