«Бұл әдіс бұрын қолданылып көрмеген»: зеңбіректер аралары бір шақырым қашықтықта орналасты
Абай гарнизонының түраралық «Шығыс» оқу жаттығу полигонында артиллерист – жауынгерлер артиллериядан кезекті оқ ату оқу-жаттығуын өткізді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 28738 әскери бөлімі жауынгерлкік даярлықтың жоспарына сәйкес, жеке құрам біріктірілген есетоп құрамында артиллерияның атысын көрсетті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Онда жауынгерлер 220 мм «Ураган» реактивті дүркін ату жүйесі мен 152 мм «Гиацинт» сүйреткіш зеңбірегінен оқ жаудырды. Бұл шараға мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздар да қатысты.
Артиллериядан оқ ату жаттығуына аталған бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Жандос Есеркепов жетекшілік етті. Атыс алаңына орналасқан 1-ші зеңбіректік артиллериялық дивизионның артиллерист – жауынгерлері берілген тапсырмаларды орындауға дайын болды. Олар алғашқыда қарсылас тарапынан атқылауға ұшырап, жаудан қорғану әрекетін көрсетті. Кейін артиллерист – жауынгерлер белгіленген уақытпен және берілген пәрменмен артиллериядан қарсы оқ атты.
Айта кетсек, бұл жолғы оқу-жаттығудың ерекшелігі – зеңбіректер аралары бір шақырым қашықтықта орналасуы.
«Бұл әдіс бұрын қолданылып көрмеген», - деді 28738 әскери бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, майор Жандос Есеркепов.
Оқу-жаттығуда 3-ші реактивті артиллериялық дивизионы да берілген тапсырманы нақты және дәл уақытында орындады. Жауынгерлер 220 мм «Ураган» реактивті дүркін ату жүйесінің нағыз маманы екендерін көрсетті.
Жандос Есеркеповтің айтуынша, артиллерия – бұл кез келген іс-қимылды топтасып атқаратын әскер түрі болғандықтан, берілген тапсырмаларды орындау кезінде әр маман иесі берілген бұйрыққа бірден кірісіп кетеді. Мәселен, барлаушы қарсыластың бағытын біліп, орналасқан орнын нақтыласа, топогеодезист өздерінің ұрыстық тәртібінің бағытын белгілеп анықтайды. Атыс кезіндегі ауа райының құбылуы да маңызды. Оны метеоролог есепке алады. Сәйкесінше есептегіш мамандар – белгіленген нысанаға дәл тигізуді есепке алады. Ал есептоптың еш кедергісіз байланысқа шығуын байланысшылар қамтамасыз етеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысы кезінде «Артиллерия – соғыс тәңірі» деген атпен белгілі. Қазіргі Қазақстан армиясында да артиллерия – негізгі атыс күшінің бірі.