Дәрігерлер де оқ атады: медбике дәл тигізуден 100-ден 90 ұпай жинады

Әскери госпитальдың ақ халаттылары оқ ату дайындығынан өтті

Нұрдәулет Кәкіш
23/01/2024 - 18:54

Абай гарнизонының Әскери госпиталь қызметкерлері атыс дайындығын пысықтады. Жоспарлы жауынгерлік дайындық аясындағы оқу-жаттығу «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты тирде өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Сабақ жетекшілері алдымен атыс дайындығы барысында орындалатын пәрменді, атысты орындау және қауіпсіздік ережелерін сақтауды түсіндірді.

Маңызды нұсқаулық сабақтарынан кейін жеке құрам автоматтан оқ атуға жіберілді. Нұсқаушының көмегімен нысананы көздеп, атыс жаттығуларын пысықтады. Медицина саласының кызметкерлері болса да, ақ халаттылар жауынгерлік даярлықтағы өздерінің біліктіліктерінің жоғары екенін көрсетті. Автоматтан оқ ату шеберлігін паш етті. Оқу-жаттығуда нысананы дәл тигізуден жоғары ұпай алғандар да бар. Жаттығудың қортындысы бойынша терапия бөлімшесінің аға маман-медбикесі, ефрейтор Маржан Мұратова 100-ден 90 ұпай жинап, ең жақсы нәтиже көрсетті.

«Командирлердің барлық нұсқауын орындадым. Алдағы уақытта нәтижемді бұдан да жақсартуға тырысамын. Жауынгерлік дайындығымызды арттыра беретін боламыз», - деді Маржан Мұратова.

Анестезиология және жансақтау бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің майоры Әсем Ануарбекованың айтуынша, жауынгерлік оқ ату жаттығулары жеке құрамның атыс дайындығын жетілдіріп қана қоймай, оқ ату дағдыларын шыңдайды.

«Осындай оқу-жаттығулар барысында медицина қызметкерлерінің шеберліктері шыңдалады. Ер азаматтармен қатар ақ халатты нәзік жандылардың көрсетіп жүрген жетістіктері жаман емес, күннен-күнге артып келеді. Осымен тоқтап қалмай, атыс даярлығы сабағын одан әрі жақсарта береміз», - деді майор Әсем Ануарбекова.

Тегтер

×

Редакция

$ 485.11  523.82  5.02