Қорғаныс министрлігі өңірлерде жеке құраммен кездесулер ұйымдастыруда

Админ
14/01/2024 - 17:40

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Ақтау гарнизонына барып, сарбаздармен және командирлермен кездесті, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теңіз жаяу әскерлері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларының және материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының жеке құрамымен кездесуде әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев 2024 оқу жылында Қарулы күштердің алдына қойылған міндеттерді айтты. Сонымен қатар, "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде жарияланған ел Президентінің сұхбатындағы негізгі тезистерге жеке тоқталды.

Департамент бастығы кездесуге қатысушыларды әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетіндегі өзгерістер туралы хабардар етті.

Соңғы үш жыл ішінде лауазымдық жалақыны кезең-кезеңмен ұлғайту жүргізілді. Биыл Қарулы күштердегі қатардағы және сержанттық құрам лауазымдарының тарифтік санаттары және әскери қызметшілердің әскери атағы бойынша жалақылары 30%-ға өседі, – деді Департамент бастығы.

Ол сонымен қатар қорғаныс ведомствосының мерзімді қызметтегі сарбаздарына арналған кредиттік демалыстар, ал армияда қызмет атқарған азаматтарға білім беру жеңілдіктерін беруге қатысты жобаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Командирлермен әңгімелесу барысында әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев әскери ұжымдарда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Ол оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындау көбіне осыған байланысты екенін атап өтті. Кездесуде әскери бөлімдерді жасақтау, офицерлер мен сержанттарды ротациялау мәселелері де қозғалды.

Шабуылдау батальонының штаб бастығы аға лейтенант Жәнібек Азамбай кездесу барысында марапатқа ие болды. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықтағы жетістіктері үшін әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Қорғаныс министрінің атынан әскери қызметшіге қол сағатын табыс етті.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43