Жиындар 2024 жылдың жазында 30 күн мерзімде өтеді
Әскери жиындарға әскери міндеттілер, яғни әскери есепте тұрған және әскери есепте тұрудың шекті жасына дейін запаста болатын Қазақстан Республикасының азаматтары тартылады. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылы – 750 адам, 2022 жылы – 1500 адам, 2023 жылы – 1500 адам шақырылды, 2024 жылы 3000 адам шақырылады деп жоспарланып отыр.
«Қорғаныс министрлігі әскери дайындалған резервті жинақтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Әскери дайындалған резервті жинақтау тәсілдерінің бірі – әскери жиындарды өткізу. Оның барысында әскери міндеттілердің әскери білімдерін даярлау, қайта даярлау және жетілдіру, жетіспейтін мамандықтар бойынша оқыту, оқу-жаттығулар мен жаттығулар арасында бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру жүзеге асырылады», - дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин.
Әскери жиындарға шақырылатындар санын ұлғайту Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға және азаматтарды өзінің әскери-есептік мамандығы бойынша даярлау жөніндегі проблемаларды шешуге бағытталған.
Жиындар 2024 жылдың жазында (30 күн мерзімге) мотоатқыштар, танк, артиллерия бөлімшелерінде және жауынгерлік, техникалық және тылдық қамтамасыз ету бөлімшелерінде өтеді.