АҚШ-тың әскери-теңіз күштерінде қызмет етіп жүрген қазақстандық туралы не білеміз?

Шымкенттік Антон Протасов АҚШ-қа дейін Оңтүстік Кореяда жұмыс істеген

Нұрдәулет Кәкіш
06/01/2024 - 01:15

Фото: Антон Протасов/Instagram

Фото: Антон Протасов/Instagram

АҚШ-тың әскери-теңіз күштерінде қызмет етіп жүрген қазақстандық Антон Протасов бұл қызметке қалай келгенін, оған дейін немен айналысқанын айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Медициналық колледжді бітіргенмін. Бірақ диплом алған соң әртүрлі жұмыс істедім. Дүкенде сатушы болдым, бірқатар зауыттарда еңбек еттім. 2019 жылы жарым екеуміз күнкөріс қамымен Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істедік. Балаларымызды ата-анамызға қалдырдық та, өзіміз жаңа өмір бастауға Кореяға аттандық», - деді Антон Zangar Mukhan YouTube арнасына.

Оңтүстік Кореяда біраз қиын кезді бастан кешкенін айтады ол.

«Басында маған жұмыс табылмай қиналдық. Тіл білмедім. 3 ай бойы біздегі жұмыспен қамту орталығы сияқты жұмысқа орналасуға қызмет көрсететін кеңселердің табалдырығын тоздырдым. Ақыры жаңа достар, таныстар тауып, жұмысқа орналастым. Жағдайымыз реттелді. Көлікті болдық. Қазақстандағы үйіме кез келген уақытта ұшып келіп тұруға мүмкіндік болды. Бір жыл 8 ай сонда жұмыс істеп келдік. Табысымыз жаман болмады. Шымкенттегі пәтеріміздің қарызын жаптық», - деді ол.

Содан екінші мәрте Кореяға баруды ұйғарған соң Антон ойда жоқта АҚШ-тың «Жасыл картасын» кездейсоқ ұтып алғанын айтады.

«Танысым «Грин карта» ұтып алғанын естіген соң мен де байқап көрейін дедім. Кездейсоқ ұтып алдым. Бірақ бұл жолы қатты таң қалмадық. Өйткені Кореяда бейімделу сияқты біраз қиындықты бастан кешіргенбіз. Интернеттен қарап, Солтүстік Королина, Оңтүстік Корлина, Техас штаттары мен Тампа қаласының бірін таңдау керек болды. Сол жақтағы адамдармен танысып, сұрай бастадым. Солтүстік Королинада қазақ орталығы бар екен. Содан отандастармен танысып, бізді қарсы алған жігіттер үй-жаймен қамтып, жан-жақты көмек көрсетті. Сол үшін де Солтүстік Королина штатын таңдадым. Өйткені мұнда біздің қазақстандықтар көп тұрады. Бейімделуде аса қиын болмады. Болашақта басқа штатқа көшуім де мүмкін», - деді Антон.

Антон Протасов әскери салаға қалай барғанын да айтып өтті.

«Бір күні көптен бері ойымда жүрген әскери қалашыққа бардым. Ол қала сыртында, біздің үйден 30 минуттық жерде орналасқан. Ешкім есік ашпады. Кері шегінерге жол жоқ. Күтіп тұрдым. 10 минуттан кейін есік ашылды. Құрлық әскерлерінің сержанты шықты. Осында орналасқым келетінін айттым. Бір жағынан бойым – 1,88 метр, салмағым да өзіме сай, барлық жағынан келіп тұрған сияқтымын. Бірақ әскери қызметке тұру үшін емтихан тапсыру керек екен. Бізше ол шамамен ҰБТ сияқты. Оның ішінде алгера, геометрия, арифметика, физика, химия – бәрі бар. Бәрін тек ағылшын тілінде тапсыру керек. Оған біраз дайындық қажет. Менің мектеп бітіргеніме көп жыл болған. Қазақстанда ҰБТ тапсырмағанмын да. Сол тест тапсыруға 6 сағат уақытымды жұмсадым. 19 балл жинадым. Бұл тым аз. Кем дегенде 51 балл жинау керек едім. Бір айдан кейін тағы да тапсыруға мүмкіндігім болды. Одан кейін тек 6 айдан кейін ғана мүмкіндік беріледі. Содан осы саланы тыңғылықты білетін бір мексикалық азаматтың 150 долларға курсын сатып алдым. Ол бірнеше рет тест тапсырып, 99 пайыз жинаған екен. Тек салмағы келмейтін көрінеді. Ақыры 1 айдан кейін тағы тест тапсырып, 40 балл алдым. Ол да жетпеді. Содан кейін әскери-теңіз күштеріне барып көруді шештім», - деп түйіндеді сөзін Антон.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43