Вице-министр арнайы бағдарлама туралы айтты
ҚР Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте сарбаздар арасындағы суицидті болдырмау үшін арнайы әмбебап кешені енгізілгенін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Ақ сұңқар» бағдарламасы аясында сарбаздар арасындағы суицидті болдырмау мақсатында арнайы әмбебап кешені енгізілді. Кешен бойынша қазіргі таңда барлық Қорғаныс басқармаларында жұмыс жүргізілуде. Бұл кешенде 60-тан аса психологиялық құралдар базасы бар. Психологиялық талдау нәтижелерін автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижелерді ауыстырудан қорғалған. Тест тапсырған әр сарбазды фото-видеоға түсіреді. Сондай-ақ субъекттің физиологиялық көрсеткішін өлшеу мүмкіндігі бар. Кейін мұны әскери оқу орындарында және келісімшарт бойынша әскерилерді іріктеу кезінде қосымша қолдану жоспарланып отыр. Әрине бұл психологтардың мәселесін толық шешпесе де, әскери қызметшілердің психологиясын бақылап отыруға қосалқы құрал ретінде қолданылады», - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, ол 2022 жылы әскерилер мен сарбаздарды суицид, діни экстремизмге, құмар ойынға, порнографияға, алкогольдік ішімдікке тәуелділік жағдайын анықтау үшін аналитикалық интернет картасының енгізілгенін атап өтті.
«Пилоттық жоба ретінде қолданылып келе жатқан осы ақпараттық жүйе зерттеулерінің нәтижесінде суицидтік жағдайды насихаттайтын топтардың көрсеткіші – 1,2 пайыз, радикалды діни экстремизм – 3,3 пайыз, құмар ойындар – 17 пайыз, идеологиялық – 14 пайыз, басқа да диструктивті көздер – 11 пайыз екені анықталды. Бұл психологтарға қосымша бағыт беріп, сарбаздармен жұмыс жүргізгенде кімге қандай шара қолдану керектігін нақтылап отырады», - деді Дархан Ахмедиев.