Бас әскери клиникалық госпитальда 3 мыңға пациент емделеді

Сарбаздар мен Бас әскери клиникалық госпитальдің қызметкерлерін Жаңа жылмен құттықтады

Админ
01/01/2024 - 00:19

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Бас әскери клиникалық госпитальға барып, емделіп жатқан сарбаздарға қорғаныс ведомствосы басшысының атынан жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Біз қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан мерекемен құттықтап келіп отырмыз. Қызметкерлердің еңбегіне табыс тілейміз және жаңа жылда арман-мақсаттары орындалсын, - деді ол. – Ұжымдардағы моральдық көңіл-күйді зерделеп, еңбек жағдайларымен танысу секілді жұмыстар Қарулы күштерде үнемі, барлық деңгейде әрі барлық гарнизондарда жүргізіліп келеді. Әрбір жауынгер мен қызметкер назар аударуға лайық. Бас әскери клиникалық госпиталь мамандарына жанқиярлық еңбегі үшін ерекше алғыс айтамыз!

Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев госпитальдің неврологиялық бөлімшесінде емделіп жатқан мерзімді қызмет сарбаздарына барып, заманауи палаталарды аралап, жауынгерлермен сөйлесті. Ем алушыларға Қорғаныс министрінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті. 

Сарбаздардың көңіл-күйімен танысып, госпитальдің асханасында тамақтану сапасы туралы сұрап білді. Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаевтың «Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастырғысы келетіндер бар ма?» деген сұрағына жиналғандардың тең жартысы оң жауап берді. 

Бірі мамандығы бойынша қызметін жалғастыруды жоспарлап отырса, енді бірі әскери оқу орнына түсуді ойлайды. Жаңа жылға орай Тілеухан Басқожаев сарбаздарға туыстарымен телефон арқылы сөйлесіп, жақындарын келе жатқан мерекемен құттықтауға мүмкіндік беруді тапсырды.

Айта кетейік, қорғаныс ведомствосының әскери-медициналық қызмет жүйесіндегі жетекші клиникада жыл сайын 3 мыңға жуық пациент стационарлық емдеуден өтеді. Оларға базалық медициналық қызметтен бастап күрделі операцияларға дейінгі мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Аурухананың пациенттері – курсанттар мен мерзімді қызмет сарбаздары, офицерлер құрам мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері.

Неврологиялық бөлімшенің бастығы медицина қызметінің подполковнигі Қанат Секербаевтың айтуынша, бөлімше жиырма адамға есептелген.

Мұнда олар тек емдеумен ғана емес, сонымен қатар сараптамалық жұмыстармен де айналысып, пациенттердің әскери қызметті жалғастыруға жарамдылығын зерделейді. 

Жедел неврологиялық аурулары бар науқас қабылдау бөліміне түскен кезде жедел көмек көрсетілетін жағдайлар да кездеседі. Науқасты госпитальге жатқызуға немесе қажетті көмек көрсетуге болады. МӘМС бағдарламасы аясында бөлімшеде азаматтық тұлғалар да емделуде.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94