Әскерилердің жалақысын көтеру мәселесі келесі жылға қалдырылды
Қазақстанда келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жалақысын 30 пайызға арттыру жоспарлануда. Бұл ұсынысты Үкімет келесі жылы қарайтын болады, деп жауап берді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов ОКҚ брифингінде Sarbaz.kz тілшісінің сұрағына.
«Сіз өте маңызды және өзекті сұрақ қойдыңыз. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайға байланысты, әрине, экономикалық жағдай аса тұрақты емес. Сарбаздар мен сержанттар лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық жалақыларын арттыру мәселесін шешу биылға жоспарланған. Бірақ Үкімет бұл мәселені (қаулыны) келесі жылға ауыстырды. Оның ішінде әскери лауазым бойынша ақшалай қаражатты 30 пайызға арттыру көзделіп отыр», - деп түсіндірді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Sarbaz.kz тілшісіне.