Ұлттық ұланның авиатехника паркі Y8F200WА ұшағымен толықты

Бұл ұшақ Қазақстанның әртүрлі климаттық жағдайларында пайдалануға қабілетті

Нұрдәулет Кәкіш
26/12/2023 - 16:28

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық ұланның авиатехника паркі жаңа ұшақпен толықты. Астана қаласының әуеайлағында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Y8F200WА ұшағы – кеңестік Ан-12 ұшағының ең жақсы аналогы. Максималды қашықтығы 4100 км, толық қысымды, көп мақсатты орташа көлік ұшағы 20 тоннаға дейінгі ірі жүктерді, 86 қызметтік жолаушыны да тасымалдауға арналған. Ұшақтың круиздік жылдамдығы – 550 км/сағ, тәжірибелік жағдайда 10 050 м биіктікте ұша алады.

Ұшақта күндіз-түні күрделі ауа-райында жұмыс істеуге қажетті жабдықтар бар, сонымен қатар далалық аэродромдарға қона алады.

Бұған дейінгі дәл осындай ұшақ Ұлттық ұланға елдің қоғамдық қауіпсіздігін қорғау және шет елдерге көмек көрсету кезіндегі міндеттерді шешуде авиацияны қолданудың мүмкіндігін бірнеше есеге ұлғайтқан.

2023 жылы осындай ұшақпен Сирия Араб Республикасына, Түркия Республикасына және Ауғанстан Ислам Әмірлігіне төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету кезінде Қазақстаннан 120 тоннадан аса гуманитарлық жүк жеткізіліп, 80-нен аса адам эвакуацияланып, тасымалданған.

2025 жылға дейін «Бір белдеу – бір жол» жобасы шеңберінде отандық авиация өнеркәсібін дамыту үшін осы үлгідегі тағы 4 ұшақты жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық көпірді нығайтатынын, сондай-ақ екі ел арасында жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға жаңа үлес қосатынын айтады тараптар.

«Ұлттық ұлан тек Орталық Азия өңірінде ғана емес, ТМД елдері арасында да осы үлгідегі ұшақтарды сатып алуда бастамашыл болып саналады. Y8F200WА ұшағын таңдау «баға-сапа» сияқты критерийлерді сәтті біріктірді. Әуе кемесін Қытайдан Қазақстанға сәтті жеткізгені үшін командирге және экипаждың барлық құрамына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ұлттық ұланның авиациялық базасының ұшу және инженерлік-техникалық құрамдарын Қытай Халық Республикасының аумағында оқытып, дайындаған зауыт өкілдеріне ерекше рақмет», - деді жұмыс кеңесі барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, генерал-майор Константин Воронкин.

Ұшақты Қытай Халық Республикасының Қазақстан  Республикасындағы елшілігі жанындағы әскери атташе аппараты және Қытайдың авиация өнеркәсібі корпорациясының «CATIC» компаниясы жеткізді.

«Бүгін қазақ еліндегі достарымызбен бірге осында жиналу – мен үшін үлкен мәртебе. Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен өзендер байланыстырады. Біз тату көрші, адал дос, сенімді серіктестерміз. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанындағы әскери атташе аппаратының қолдауымен ұшақты беру және жеткізу жоспар бойынша сәтті аяқталды. Ынтымақтастық жылдарында біз Ұлттық ұланның авиация мамандары өз ісінің кәсіпқойлары екеніне көз жеткіздік. Сіздермен өзара байланыс орнату Қытай қызметкерлеріне жағымды әсер қалдырады. Біз алдыңғы қабылданған ұшақтың сапалы жұмыс көрсеткеніне өте қуаныштымыз және Ұлттық ұлан осы ұшақтарды тиісті түрде пайдаланып, қызмет көрсетеді, әуе флоты жоғары дәрежеде жұмыс істей алады деген үміттеміз. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық қорғаныс ісіне елеулі үлес қосуды жалғастыра береді деген ойдамыз. Біз ұшақ өндірушілері ретінде әуе кемесінің осы түрін пайдалану мен қызмет көрсетуде жан-жақты қолдау, тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Қызмет ету мерзімі кезінде техникалық қолдау көрсетеміз. Қытай халқында «Достық – таусылмас байлық» деген мақал бар. Осылайша, Қытай мен Қазақстан ынтымақтастық және серіктестік тарихының келесі тарауын ашады», - деді «CATIC» компаниясының клиенттерге қызмет көрсету департаменті директорының орынбасары Янг Джингжи.

Айта кетсек, «CATIC» компаниясы 1979 жылдан қазіргі уақытқа дейін әлемнің 60-тан аса еліне қару-жарақ пен әскери техниканың 2600-ден аса түрін, соның ішінде әуе кемелерінің 35 түрін жеткізген.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Қытай авиация өнеркәсібі арасындағы ынтымақтастық 2016 жылы басталған. Нәтижесінде еліміздің құқықтық тәртіп әскерлеріне 2018 жылы алғашқы Y8F200W ұшағы жеткізілді.

Мамандардың айтуынша, бұл ұшақ Қазақстанның әртүрлі климаттық жағдайларында пайдалануға қабілетті.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94