«Біздің отбасымызда 39 офицер бар» – отставкадағы полковник

Жарты ғасыр ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған Серікбай Онбаевқа «Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері» төсбелгісі табысталды

Админ
25/12/2023 - 17:57

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласы Қарулы күштері Ардагерлер кеңесінің төрағасы, жарты ғасырдан аса ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған отставкадағы полковник Серікбай Онбаевқа «Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері» төсбелгісі табысталды, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы «Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері» республикалық конкурсының жеңімпаздары ҚР Ұлттық музейінде өтіп жатқан «Әділетті Қазақстан адал азаматтар құрады» конференциясы аясында салтанатты түрде марапатталды.

«54 жылдан бері әскери киім киіп жүрмін. Біздің отбасымызда елдің әртүрлі әскери бөлімдерінде қызмет ететін 39 офицер бар. Қорғаныс министрлігіне осы тамаша конкурсқа қатысуға, өзімнің кәсіби және өмірлік тәжірибемді басқалармен бөлісуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Өйткені біз, ардагерлер мақтау мен марапат үшін жұмыс істемейміз. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің әкелерге, батыр аталарына ұқсап өскенін қалаймыз. Міне, сол мақсатта болашақ Отан қорғаушылармен жұмыс жүргіземіз», - деді конкурс жеңімпазы Серікбай Онбаев.

Форумның құрметті қонақтары ретінде Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев, Мәжіліс депутаты Болат Керімбек және басқа да белгілі тұлғалар қатысты. 

«Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Саят Нәбиев Республикалық форумның түрлі қызмет салаларының 200-ге жуық өкілі жиналғанын атап өтті. Олардың ішінде дәрігерлер, әскери қызметшілер, педагогтер, кәсіпкерлер бар.  

«Президенттің әділетті Қазақстанды құру туралы бастамасын насихаттау мақсатында биылғы қыркүйек айында біз осы идеяға жұмыс істейтін, елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосатын азаматтар арасында конкурс жарияладық. Байқауға мыңға жуық өтінім ұсынылды», - деді ол.

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43