Салтанатты шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері мен ардагерлері қатысты
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде екі жүзден аса жас сарбаз ант қабылдады, деп хабарлайды Sarbaz.kz ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өскемен қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын атқаруға келгендер Алматы, Ақмола, Павлодар және Қызылорда облысынан шақыртылған.
«Бүгін – біз үшін өте қуанышты күн. Жеке өз басыма әскери бөлім ұнады, өйткені мерзімді әскери қызметін өткерушілер үшін барлық жағдай жасалған. Әскери бөлім табалдырығын аттаған күннен бастап командирлер білмегенімізді үйретіп, әрдайым көмек көрсетуде. Мен ендігі уақытта Отанға деген борышымды адал атқаруға барымды саламын», - деді қатардағы жауынгер Бауыржан Есхат.
Салтанатты шараға Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылығының әскерилері мен ардагерлері қатысты. Олар жастарға ізгі тілектерін жолдады. Сап түзеген сарбаздардың семсер сүйіп серт берген мерейлі сәтіне ата-аналар қауымы да куәгер болды.
«Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге арнайы келдік. Мұнда менің баламның жағдайы жақсы екен. Әрине, оған еш күмән болмады. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай көрінеді. Отан үшін берген уәдесін адал орындап, туған жеріне абыроймен оралады деп сенемін», - деді сарбаздың анасы Таңнұр Әлтауыт.