Жаңа жыл түні жауынгерлерге зор жауапкершілік жүктеледі – сарбаз

Қатардағы жауынгер Әнуар Орынбай алдағы жаңа жыл түніндегі міндеті туралы айтты

Нұрдәулет Кәкіш
25/12/2023 - 15:00

Фото «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен

Фото «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Әнуар Орынбай жаңа жылды қарсы алуда сарбаздарға зор жауапкершілік жүктелетінін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Алда келе жатқан жаңа жылды қарсы алу мен үшін үлкен жауапкершілікке толы болмақ. Өткен жылдағыдай анамның  әзірлеген  ыстық асын,  түрлі салаттарын күтіп,  диванда  жаңа жылдық концерт  көріп  жатпаймын.  Мемлекет басшысының  ақжарма тілегінен кейін сыртта отшашу шашып,  туыс-туғанды аралап жүрмеймін. Былтырғы жаңа жылдық  түн осылай өткен болатын.  Ағайын-туыс арасында да арқа-жарқа болып, дастархан  басында даладай пейілмен баладай мәз-мейрам қалыпта тарқастық. Түннің бір уағында  үйімізге оралып, тәтті ұйқының қойнына  еніп кеттім.  Алайда  мені таңертең  келеңсіз  оқиға  күтіп тұрды.  Түн ішінде  көлігімнің дабылқаққығышы  іске  қосылғанын естігеніммен, «көкке қарай атылған отшашулар дауысынан болар» деп топшылап, мән бермеп едім. Ертесінде  ауладағы көрініс мен үшін «тосын сый» болды. Кроссовер типті көлігімнің арт жақ терезесі шағылыпты. Абырой болғанда, салон ішіне енген тас басқа дүниеге зақым келтірмеген. Әншейін де, құлаққа ұрған танадай тыныштықта күн кешкен біздің көше мұндай бұзақы әрекеттерден ада болатын. Өкінішке қарай,  кінәліні табу мүмкін болмады. Бұл – менің өткен жаңа жылдың алғашқы күнін қарсы алғаннан алған  әсерім», - деді сарбаз өтіп бара жатқан жылды қалай қарсы алған сәтін еске алып.

Сарбаздың айтуынша, алдағы жаңа жылдың түні оны жауынгерлік жасақ қатарында көше тәртібін бақылау міндеті күтіп тұр.

«Бұл міндетті абыроймен  атқарғым келеді.  Өйткені  аққайнарға сылқия тойып алып, ойына келгенін істейтіндер, әсіресе, дәл сол түні көп жүреді. Былтырғы менің жағдайым сияқты қаннен қаперсіз жатқан адамның жеке мүлкіне зақым келтіруі сияқты іс-әрекеттердің қайталанбауын қалаймын. Сондықтан жаңа жылда құқықбұзушылықтардың алдын алғым келеді. Сол үшін барымды саламын. Себебі мерекелік көңіл күйде мейманасы тасыған жан үшін мұндай жағымсыз жағдай тасадан оқ атқандай жаныңа батады. Міне, менің алдағы жаңа жылым – мерейлі мерекенің қалтарыстарында орын алатын оқиғалардың алдын алу. Жалпы, ет-жақындарыма жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстар тілеймін. Алдағы жыл оң өзгерістер мен қуанышты кездесулерге,  бақытты оқиғаларға толы болсын.  Жаңа жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір,  тыныштық  және  мол жақсылықтар әкелсін!» - деді қатардағы жауынгері Әнуар Орынбай.

Тегтер

×

Редакция

$ 523.17  550.06  4.93