Жас сарбаздар Отан алдында ант берді

Әскери ант қабылдау күні жас жауынгерлер үшін  естен кетпес сәт

Админ
23/12/2023 - 18:33

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

2023 жылғы 23 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің даңқты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінде 2-2023 жылғы шақырылымның жас толықтырылым сарбаздарын салтанатты түрде Әскери ант қабылдауға келтіру рәсімі болып өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл күні қыс мезгілінің күншуақты таңы да осы рәсімнің ерекшелігін көрсетіп тұрғандай еді. Белгіленген уақытта әскери бөлімнің жеке құрамы саптық алаңда сап түзеді. Сапта басқа әскери қызметшілермен қатар жас толықтарылым сарбаздары да кеуделеріне жауынгерлік қару асынып тұрды. Әрине олар үшін бұл ерекше сәт, сондықтан жүздерінде есейгендік пен байсалдылық байқалды. 

Әскери бөлім оркестрінің әуенімен саптық алаңға Жауынгерлік Ту шығарылды және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды. Мемлекеттік Туды көтеру мәртебесіне оқу пунктінің үздік жас сарбазы қатардағы Арслан Қуандықов ие болды. Ары қарай саптық алаңда Әскери Ант сөздері де естіліп жатты. Әскери ант мәтінінің аз ғана сөздерінің ішінде үлкен мағына жатыр. Ол – Отанға деген қасиетті борыш. Бұл туралы өздерінің құттықтау сөздерінде әскери бөлім командирі подполковник Бағлан Кенбейлов, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Нұрлан Атыгаев және басқарма бастығы майор Ерсін Жагипаров, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы полковник Сұлтан Арифджанов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, Жамбыл аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары подполковник Асхат Искебаев және ардагерлер мен жас сарбаздардың ата-аналары да айтып өтті. 

Әскери ант қабылдау рәсімі жеке құрамның саптық алаңда салтанатты маршпен жүріп өтуімен аяқталды. Оның ішінде жас толықтырылым да ерекше адымдарымен ерекшеленді. Осы сәттен бастап олар толыққанды Отан қорғаушылар болып есептеледі. Жас сарбаздар әскери дайындықтың бірінші кезеңін аяқтады, алдағы уақытта олар әскери қызметтің шеберлігі мен құтқару дайындықтарын меңгеріп, саптық және дене дайындығын жалғастыратын болады. 

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас сарбаздардың ата-аналары мен олардың жақын туыстары Әскери ант қабылдау рәсімін көзбе-көз көріп, сарбаздармен бірге жүректері де толқыды.

Әскери ант қабылдау күні жас жауынгерлер үшін  естен кетпес сәт, өйткені көңілдеріне қайсар рух пен патриоттық сезімі дарыды. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушы жауынгерлері жер шарындағы өмір үшін өз жандарын қияюға әзір, өйткені олар Төтенше жағдайлар министрлігінің «Соққы күші» болып табылады, демек, бір адамды құтқарған – бір әлемді құтқарғанмен тең. 

Ант қабылдап, нағыз сарбаз атанған жас жауынгерлер алдағы уақытта республика көлеміндегі азаматтық қорғаныс саласындағы төтенше жағдайлардың салдарын жою және апат болған жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша түрлі міндеттерді орындайтын болады. 

Айдос Байшағыров, 28237 әскери бөлімі, Алматы облысы

Тегтер

×

Редакция

$ 480.55  533.75  5.36