Жамбыл облысында әскери қызметшілер 80-нен астам көлікті қар құрсауынан шығарды

Шынжыр табанды тартқыш тиеген трал, кранмен жабдықталған техникалық көмек көрсету машинасы жұмылдырылды

Sarbaz.kz редакторы
15/12/2023 - 15:25

Жамбыл облысында қар құрсауында қалған жолаушыларға Қарулы күштер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері көмекке келді. Қазіргі уақытта жүзден астам азаматқа көмек көрсетіліп, 80-нен астам көлік қар құрсауынан шығарылды. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен түнде Жуалы ауданындағы Күйік асуында жүзден астам ауыр жүк көлігі қар құрсауында қалған болатын. Облыстың құтқару қызметтерімен және жол полициясы қызметкерлерімен бірге «Оңтүстік» ӨңҚ әскери қызметшілері жолда қалған көліктердің жүргізушілеріне көмекке аттанды.

01731 әскери бөлімінен шынжыр табанды тартқыш тиеген трал, сондай-ақ кранмен жабдықталған техникалық көмек көрсету машинасы және адамдарды жылытуға арналған автобус жұмылдырылды.

 – Тараздан шығып, Күйік асуына кешкі алты жарымдарда келдік. Келе сала қойылған тапсырманы орындауға кірістік, – деп түсіндірді 01731 әскери бөлімі штабының бастығы подполковник Серік Қалибаев. – Құтқару жұмыстары таңғы алтыға дейін жалғасты. Бір түнде біз техниканың көмегімен 50-ден астам машинаны сүйреп шығардық.

Сондай-ақ Гвардейск гарнизонның әскери қызметшілері де Жамбыл облысының Қордай ауданында жолда қалған 30-дан астам азаматтық көлікті қар құрсауынан босатып, 60-тан астам адамға жәрдем көрсетті. Олар әскери камаздардың жолаушылар салонында жылынуға мүмкіндік алды.

– Біз қиындыққа тап болғандарға әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев. – Адамдардың қауіпсіз екеніне көзіміз жеткенше құтқару жұмыстары жалғаса береді.

Сонымен қатар «Оңтүстік» ӨңҚ-ның әскери техникасы Жетісу облысының Жаркент ауданында да жолда қалған жүк көлігі жүргізушілеріне көмекке келді.

Құтқару іс-шараларына барлығы 37 әскери қызметші мен 18 техника жұмылдырылды.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43