«Біз – өз Отанымыздың толыққанды қорғаушысымыз»: жас сарбаздар ант берді

Олар саптық, атыс және дене шынықтыру дайындықтарынан өтті

Sarbaz.kz редакторы
05/12/2023 - 22:23

Түрлі гарнизондардың әскери бөлімдерінде қолбасшылықтың, Қарулы күштер ардагерлерінің, жас сарбаздардың туыстары мен жақындарының қатысуымен салтанатты іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша бір айлық қызмет барысында олар жас жауынгер курсын игеріп, жалпыәскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеді, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындықтарынан өтті.

Әскери бөлім командирлері, құрметті қонақтар мен ата-аналар әскерге шақырылушыларды маңызды оқиғамен құттықтады. Әскери ант берген Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының мерзімді қызметтегі сарбазы Жасұлан Бабаев өз әсерімен былайша бөлісті:

«Бүгін ант беру рәсіміне ата-анам арнайы келді. Сол себепті бүгінгі күнді толқынысты болды деп айта аламын. Бір ай уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Енді біз өз Отанымыздың толыққанды қорғаушысымыз. Командирлеріміз бен ата-аналарымыздың сенімін ақтауға тырысамыз», - деді ол.

Қонаев гарнизонындағы 62064 әскери бөлімінде Алматы және Маңғыстау облыстарынан шақырылған 70 мерзімді қызметтің сарбазы Қазақстан халқына адал болуға ант берді. Олар әскери бөлім саптық алаңында қоян-қолтық ұрыс элементтері мен саптық дайындық тәсілдерін көрсетті.

Ресми бөлімнен кейін әскери бөлім командирлері дәстүр бойынша сарбаз ата-аналарымен кездесіп, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ мерзімді қызмет сарбаздарының тұрмыс жағдайларымен таныстырды.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4