Қарулы күштер әскери фототілшісінің жұмыстары фотоэнциклопедияға енді

«Қазақ фотошежірешілері ІІІ: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедияның тұсаукесері өтті

Админ
02/12/2023 - 19:28

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі Медиа-контент орталығы Приозерск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Думан Құрманғалиевтың суреттері фотоэнциклопедияға еніп отыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде «Қазақ фотошежірешілері ІІІ: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедияның тұсаукесері өтті.

Онда қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұраға, эстетикалық талаптарға жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы және ұлттық фотоөнер тарихы жан-жақты баяндалады.

Фотоэнциклопедия қазақтың тұңғыш фотографы қазақтың біртуар ақыны, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевтің түсірген суреттерімен басталады. Шәңгерей түсірген фотосуреттерден қазір он шақтысы белгілі. Шәңгерей 1901 жылы Петерборға сапарынан кейін фотоөнермен айналысқан.

Кітапқа Қорғаныс министрлігі Медиа-контент орталығы Приозерск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Думан Құрманғалиевтің бірқатар жұмыстары енгізілген. Думан қазақстандық медиа кеңістікте және әлеуметтік желілерде әскери тақырыптағы суреттерімен танымал. Автордың бірқатар жұмыстары бүгін тұсауы кесілген жаңа жинақтан көрініс тапқан.

Әскери фототілшінің жұмыстары жеке құрамның жауынгерлік оқу-жаттығуларында, яғни әскери полигондарда дүниеге келген.

Лейтенант Думан Құрманғалиев Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті «Бастапқы әскери дайындық» факультетінің түлегі. Фотоөнермен студенттік шақтан айналысып келеді. 2003 жылдан бастап Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет атқарып келеді. «Астана» өңірлік әскерлері қолбасшысының басқармасында фототілші болып қызмет істеген.

Лейтенант Д. Құрманғалиев Қазақстан Журналистер одағының фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы арнайы сыйлығының иегері. Оның есімі 2016 жылы еліміздегі үздік фотографтар тізіміне кірген.

2017 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Казахстанская правда» газеті ұйымдастырған «Менің Қазақстаным» атты республикалық фотокөрмеде жүлделі ІІ орын алған.

Түрлі-түсті фотосуретті бұл еңбек: «Фотографтар шығармашылығы», «Фотоөнер және ғылым» және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жобалары» атты үш тараудан тұрады. Бір айта кетерлігі, жинақ үш тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Фотоэнциклопедияға редакциялық алқаның шешімімен жалпы саны 18 автор енген.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41