Бұрын жеті тәулік ішінде әскери есепке қоюды жүргізбесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын. Қазір бәрі автоматты түрде реттеледі
Әскери міндеттілерге бұдан былай тұрақты мекенжайын ауыстырған кезде әскери комиссариаттарға немесе ХҚО-ға барып жүрудің қажеті жоқ. Цифрландырудың нәтижесінде мекенжайы ауысқан кезде әскери міндеттілер туралы деректер базада автоматты түрде өзгереді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің Sarbaz.kz редакциясының ресми сауалында айтылған.
Министрліктің мәліметінше цифрландыруға дейін әскери міндеттілер немесе әскерге шақырылушылар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде 7 тәулік ішінде тұрғылықты жері бойынша әскери есептен шығып, әскери есепке тіркелуге міндетті болатын. Ал тіркеу үшін ескі мекенжай бойынша ХҚКО-ға бару, содан кейін жаңа мекенжай бойынша ХҚКО-ға тіркелу қажет еді. Егер азамат тиісті жеті тәулік ішінде әскери есепке қоюды жүргізбесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын.
«Цифрландырудан кейін жеке тұлғалар мемлекеттік дерекқорымен интеграцияланғаннан кейін тұрғылықты жерін ауыстыру туралы мәліметтер жергілікті әскери есепке алу органдарына жаңа мекенжай бойынша тіркелгеннен кейін бірден түседі.
Осылайша, әскери міндеттілер немесе әскерге шақырылушылар автоматты түрде тіркелген жеріндегі әскери комиссариатқа бекітіледі», - делінген министрлік ақпаратында.