Бүгін – Әскери кадр қызметкері күні

Әскери қызметшінің карьералық өсу жолы: кәсіпқойлық, әділдік, іріктеудің ашықтығы

Sarbaz.kz редакторы
23/11/2023 - 18:07

Бүгін – әскери кадр қызметкері күні. Бұл кәсіби мереке 1991 жылғы 23 қарашада Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің құрамында Кадрлар басқармасының құрылуымен тікелей байланысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Өтпелі кезеңнің қиындықтарынан өткен Қорғаныс министрлігі кадр қызметінің мамандары әскери қызметшілерді дайындау, кадрларды іріктеу және әлеуметтік қорғаудың отандық жүйесінің құқықтық негіздерін құрды.

Меритократия қағидаттарына негізделген кадр саясатын дамыту бөлімшелердің тұрақты жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің жоғары нәтижелілігінің кепілі болып саналады.

Қарулы күштердің тиімділігі кадрлық әлеуетті іске асыру сапасына, оның ішінде табысты кәсіби және мансаптық өсуге уәжделген адамдарды лауазымдарға тағайындауға тікелей байланысты.

2018 жылы бекітілген мансаптық өсу схемалары мен барлық әскери лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары әскери қызметшілерді іріктеудің ашықтығын, уәждемесін арттыруға және лайықты кадрларды ілгерілету практикасын жетілдіруге ықпал етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрамдас бөлікті күшейту үшін Кадрлар департаменті әскери лауазымдардың тізбесін жасады. Бұл лауазымдардың бәрі полиграфологиялық зерттеуден өтуді қажет етеді.

Персоналмен жұмыс істеудің рәсімдерін жеңілдетуге және кадр жұмысын жүйелеуге бағытталған цифрлық әдістері жоспарлы түрде енгізілуде.

Қарулы күштерді келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен және азаматтық персоналмен жасақтау жөніндегі жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ штаттық-лауазымдық есепке алуды жүргізу мақсатымен кадрлар, жинақтау және саптық қызметтер бойынша бағыныстылықтың нақты вертикалі тұрғызылды.

Әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін, моральдық-іскерлік қасиеттері мен әлеуетін объективті бағалау үшін аттестаттау жүргізіледі. Бұл процедура олардың атқаратын лауазымдарына сәйкестігін анықтауға, жоғарылату немесе төмендету туралы ұсыныстар беруге, сондай-ақ офицер кадрлар резервін құруға мүмкіндік береді.

Аттестаттау кезінде әскери қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы білуден сынақ тапсырады, регламенттеуші құжаттарды білуі тексеріліп, психологиялық тестілеуден өтеді.

Әскери мамандарды оқытуды, іріктеуді және орналастыруды жүзеге асыратын әскери кадрлардың кәсіби, үйлесімді жұмысы қорғаныс ведомствосының тиімді қызметін, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға арналған Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз етеді.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85