Қызметтік ит ұландықтарға іздеуде жүрген азаматты ұстауға көмектесті
Ұлттық ұлан жауынгерлері іздеуде болған азаматты қызметтік иттің көмегімен ұстады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оқиға 2023 жылдың 21 қарашасы сағат 19:15 шамасында Алматы қаласында болған. Әскери жасақ бастығы сержант Әлішер Сағымбеков пен патруль ефрейтор Дамир Мараттан құралған әскери жасақ Әуезов көшесіндегі №23 үйдің жанынан іздеудегі адамға ұқсас азаматты байқаған. Ұландықтар оның құжаттарын тексеру үшін тоқтатқанда азамат қаша жөнелген. Осы сәтте кинолог ефрейтор Дамир Марат: «Тоқта! Әйтпесе қызметтік итті босатамын!» деп ескерту жасаған. Азамат бұл талапты елемегеннен кейін, «Рой» есімді қызметтік ит қашқынның соңына түсіп, тоқтатты.
«Біз азаматты құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан кезде, ол қашып кетуге тырысты. Сондықтан оны ұстау үшін қызметтік иттің көмегіне жүгінуге тура келді», - деді әскери жасақ бастығы сержант Әлішер Сағымбеков.
Ұсталған адам қосымша тексерістер үшін Алмалы ауданының полиция басқармасына жеткізілді.