ҚР Қарулы күштерінің үздік сержанттары анықталды

15 келілік жүкпен 10 шақырымға жүгіру, түрлі кедергілерді еңсеру, т.б.

Sarbaz.kz редакторы
21/11/2023 - 22:16

Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжінің базасында «Қарулы күштердің үздік сержанты» атағына арналған XIII бүкіл армиялық конкурс шеңберіндегі сержанттар сайысы өтті. Оған жүзден астам әскери қызметшіден тұратын 16 команда қатысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

ҚР Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов бұл байқаудың кәсіби сержанттар дайындайтын оқу орнында өткізудің символдық сипатын атап өтті.

«Жыл сайынғы байқау сержанттардың бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын қолдаудағы практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Ол оқытудың тиімді әдістерін енгізуге және сержанттар арасында бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді», – деді байқаудың міндеттері жайында шебер сержант Темірбек Халықов.

Бағдарлама сержанттар мен сарбаздарға қатысты жауынгерлік дайындықтың барлық аспектілерін қамтыды. Теориядан бөлек, оған әр түрлі позициялардан ату, түрлі қашықтыққа жүгіру, 15 келілік жүкпен 10 шақырымға жүгіру, түрлі кедергілерді еңсеру, дәлдік пен қашықтыққа граната лақтыру, белтемірге тартылу және қоян-қолтық ұрыс тәсілдері кіреді.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды 32039 әскери бөлімі, екінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлері, үшінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жеңіп алды.

Кіші сержант Дамир Құнанбаев (Тыл бастығының басқармасы) үздік бөлімше командирі болып танылды. Екінші орында – кіші сержант Руслан Бекешов (Десанттық-шабуылдау әскерлері), үшінші орында – кадет Беглан Темірхан (Құрлық әскерлеріне тікелей бағынысты бөлім).

Гвардия сержанты Мұхиядин Смағұл (Десанттық-шабуылдау әскерлері) үздік взвод сержанты санатында топ жарды. Екінші орын 3-сыныпты сержант Руслан Орымбаев (32093 әскери бөлімі), үшінші орын сержант Сәбден Дүйсембектің («Астана» ӨңҚ) еншісінде.

Байқау нәтижесі бойынша аға сержант Аманжол Дүйсенбаев (32039 әскери бөлімі) үздік рота сержанты атанды. Екінші, үшінші орындарды 3-сыныпты сержант Рауан Тоқтарбеков (Десанттық-шабуылдау әскерлері) пен аға сержант Нұрболат Әділбек («Батыс» ӨңҚ) өзара бөлісті.

Үздік батальон сержанты атағы 2-сыныпты сержант Абылай Серікбаевқа («Астана» ӨңҚ) бұйырды. Екінші орын 3-сыныпты сержант Аян Егізбаевтың («Батыс» ӨңҚ) еншісінде. Үшінші орынды 3-сыныпты сержант Амантай Қозыбаев (32093 әскери бөлімі) иеленді.

Үздік бригада сержанты атағын 2-сыныпты сержант Орынбек Сәндібеков (32039 әскери бөлімі), 1-сыныпты сержант Жаслан Жамахаев («Оңтүстік» ӨңҚ) және 1-сыныпты сержант Айдос Қалымбаев («Батыс» ӨңҚ) жеңіп алды.

Сержант Іляс Сәметов (Десанттық-шабуылдау әскерлері), сержант Бақытбек Ауған (Қару-жарақ бастығының басқармасы), сержант Жансерік Қолан (32093 әскери бөлімі) сержант-маман атанды.

Штаб компоненті сержанты атағы аға сержант Еламан Құрмашев («Батыс» ӨңҚ), сержант Сейдахмет Асқар (Десанттық-шабуылдау әскерлері) және сержант Олжас Рашитовтарға (Әуе қорғанысы күштеріне тікелей бағынысты бөлім) бұйырды.

Конкурсқа қатысушылардың барлық санаттары арасында 32039 әскери бөлімінің отряд сержанты 2-сыныпты сержант Орынбек Сәндібеков абсолютті жеңімпаз атанды. Әскери қызметші «Әскер тарланы» конкурсы шеңберінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің марапатына ұсынылды.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41