«Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы автоматты түрде жүйеленген
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5511 әскери бөлімінде жоғары оқу орындарына жолдама алған тоғыз сарбазға сертификат табысталды. Салтанаты шара әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Мерзімді қызметте қырағылық танытып, көзге түскен сарбаздарға арнайы сертификатты әскери бөлім командирі табыстады. Жиында сөз алған әскери бөлім ардагері мұндай қолдау шарасы жастардың отансүйгіштік қасиетін оятып, әскери қызметке деген ынтасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Грант кез келген мерзімді әскери қызметшіге берілмейді. Сарбаздардың әскери өмірдегі түрлі іс-шараларға белсенділік танытып қатысу керек. Яғни, бұл жауынгерлердің озат болуға деген ұмтылыстарына серпін бермек. Менің ойымша, мұндай жеңілдіктер жастардың әскерге деген құлшыныстарын оятады деген ойдамын», - дейді запастағы майор Орынғазы Кенжебаев.
Білім серификатына ие болғандардың бірі – Асылжан Сайранбек. Отан алдындағы борышын адал атқарған азамат Өскемен қаласындағы жоғары оқу орнында техникалық бағытта білім алмақ.
«Мұндай жаңалықты тосын сый ретінде қабылдадым. Өйткені, бір оқпен екі қоянды атқандай сезім кешіп тұрмын. Әскерден кейін жоғары оқу орынына өзім де түскім келген. Сол үшін Ұлттық біріңғай тестілеуге жатпай-тұрмай екі-үш ай дайындалу қажеттігін ескеріп, уайымдап жүргенмін. Ал енді әскерге бару арқылы грант иегері атандым. Қуанышымда шек жоқ», - дейді ефрейтор Асылжан Сайранбек.
«Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы автоматты түрде жүйеленген. Бағдарламада сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағалары, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек, әскери өмірдегі жауынгерлік дағдылары, түрлі іс-шараларға белсенділікпен қатысуы да ескеріледі.
Айта кетейік, кеше Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты 44841 бөлімінде әскери қызметшілерді запасқа шығарып салу рәсімінде үш жауынгерге ЖОО-ға түсу сертификаты табыс етілген.