Ол осы миссияға тәжірибелі офицерлердің бірі ретінде таңдалды
Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі алғаш рет БҰҰ ның Конгода бітімгершілік миссиясына қатысады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Майор Батыр Тұяқов Біріккен Ұлттар Ұйымының Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі бітімгершілік миссиясына әскери бақылаушы ретінде жіберілді.
Ол осы миссияға тәжірибелі офицерлердің бірі ретінде таңдалды. Оның артында БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштер штабының өзара іс-қимыл бөлімінің офицері ретіндегі бітімгершілік миссиясы бар.
Миссия мандатына сәйкес қазақстандық бітімгер 12 ай ішінде жанжалдан кейінгі аймақтардағы бейбіт процестерді бақылау және бейбіт уағдаластықтардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Осылайша, Парламент қолдаған Президенттің Қазақстан Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуын кеңейту жөніндегі үндеуі орындалады.
Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ-ның Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру миссиясы 2010 жылы бейбіт тұрғындарды, гуманитарлық қызметкерлерді қорғау және бейбітшілікті нығайту мақсатында құрылған.