Әуе қорғанысы күштері биылғы қызметінің қорытындысын шығарды

Әуе қорғанысы күштері қызметтік нәтижелерін жан-жақты бағалауда көшбастады

Sarbaz.kz редакторы
10/11/2023 - 23:39

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары авиация генерал-майоры Нұрлан Карбеновтың басшылығымен әуе шебінің қорғаушылары 2023 оқу жылын қорытындылап, Қарулы Күштердің осы түрін дамытудың басым бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Іс-шараны ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов ашты. ҚР ҚК ӘҚҚ бас қолбасшысы әскер тектерінің қолбасшылары мен әскери бөлімдер мен мекемелер командирлерінің алдында сөйлеген сөзінде қатысушылардың назарын еліміздің Қарулы Күштерінің алдына Жоғарғы Бас қолбасшы – ел Президенті және қорғаныс министрі қойған міндеттерге аударды. Атап айтқанда, ол әскери қызметшілердің алдында тұрған негізгі міндет қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен халықаралық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, жоғары жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейін ұстап тұру екенін атап өтті.

«Биылғы оқу жылында Әуе қорғанысы күштерін дамыту міндеттерін шешудің ең оңтайлы нұсқаларын іздеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Қалыптасқан геосаяси жағдайды ескере отырып, бүгінгі таңда әскерлердің негізгі маневрлік түрін жетілдіру жөніндегі басым міндеттерге біздің барлық күш-жігеріміз шоғырландырылатын болады», - деп атап өтті өз сөзінде ӘҚК бас қолбасшысы.

Биыл Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Әскери-әуе күштері, сондай-ақ қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелері Қарулы Күштер ауқымында өткізілетін барлық оқу-жаттығуларға қатысты, олардың ішінде «Батыл тойтарыс-2023», «Ашық аспан -2023», ТМД-ға мүше елдердің біріккен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің басқару органдары мен кезекші күштерінің жаттығулары да бар. Өткізілген жауынгерлік дайындық іс-шаралары барысында әскери қызметшілер жақсы нәтиже көрсетті. Одан өзге жыл қорытындысы бойынша Әуе қорғанысы күштері қызметтік нәтижелерін жан-жақты бағалауда көшбастағанын атап өткен жөн. 

Қорытындылау барысында ҚР ҚК ӘҚК бас қолбасшысының орынбасарлары мен әскери бөлімдердің командирлері тыңдалды. Іс-шара соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының жеке құрамды қызметтегі және жауынгерлік жарыстағы үздік жетістіктері үшін көтермелеу туралы бұйрығы оқылды.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91