Әскердегі бір күн: 44803 әскери бөлімінде сарбаздарға қандай жағдай жасалған?

Сарбаздар әскери міндеттен тыс уақытта немен айналысады?

Нұрдәулет Кәкіш
19/07/2023 - 21:02

Сарбаздар әскери міндеттен тыс уақытта немен айналысады? Sarbaz.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионындағы сарбаздардың жай-күйімен танысты.

Таңғы сағат 6.30. «Рота, ұйқыдан тұр! Рота, ұйқыдан тұр!» деген кезекшінің даусы естілді. Осы дауысты естіген бойда сарбаздар орындарынан тұрып, жедел киініп, әп-сәтте төсек-орындарын жинап шықты. Майор Бақтияровтың командасымен сапқа тұрған сергек сарбаздар ұранды сөздерін айтып, жаттығуға кірісті.

44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионында 45 сарбаз Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр. Олардың арасында қазақ, орыс, өзбек, түрік, ұйғыр және өзге де ұлт өкілдері бар. Олардың бәрі дерлік қазақша жақсы біледі. Кейбірі осында келіп үйренген.

Аталған әскери бөлімде сарбаздардың жан-жақты дамуына барынша жағдай қарастырылғанын тілге тиек еткен С-300 зениттік-зымырандық дивизион командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, майор Рамазан Бақтияров сарбаздардың сегіз қырлы, бір сырлы екенін айтады.

«Біздің зениттік-зымырандық дивизионда сарбаздар таңғы сағат 6.30-да тұрып, жаттығу жасап болған соң таңғы ас ішеді. Асханамыздың тағамдары өте дәмді. Таңғы асқа сүт пен сүттен жасалған тағамдар, бал, жұмыртқа, шұжық, түскі асқа сорпа, қою тамақ беріледі. Тағам түрлері сарбаздарға ұнайды. Таңғы астан кейін сабақ өткізіледі. Сабақ кезінде түрлі техниканың қыр-сыры үйретіледі. Олардың ата-аналарымен де үнемі байланыстамыз. Әлеуметтік желілерде ата-аналардың чат-тобы бар. Сол жерде жиі хат-хабар алмасамыз. Фотосуреттерін жібереміз. Олар осында да келіп тұрады. Өткен жексенбі күні екі сарбаздың ата-анасы келіп, балаларымен жолықты. Оларға мұндағы тыныс-тіршілікті, сарбаздардың жатын орындарын – бәрін көрсеттік. Мұндағы жағдайға көңілдері марқайып, қуанып тарқасты», - дейді ол.

Майордың айтуынша, демалыс күндері сарбаздар теледидардан кино көреді. Сарбаздарға арналған демалыс бөлмесі де қарастырылған.

«Сарбаздар домбыра, гитара шертіп, ән салады. Бір-біріне аспапта ойнауды үйретеді. Кітап оқиды. Бос уақытын жақсы өткізуге мұнда барлық мүмкіндік қарастырылған. Глобус, карта – бәрі көз алдында тұр. Кейбір сарбаздар әскерден кейін оқуға тапсыруға дайындалып жүр. Қосымша материалдар қажет болса, біз де өз тарапымыздан тауып беруге тырысамыз», - дейді Рамазан Бақтияров.

Аталған әскери бөлімде өнер мен спортта өздерін шыңдап, жарыстарға қатысып, жетістікке жетіп жүрген жауынгерлер аз емес. Солардың бірі – гір көтеру спорт түрімен айналысатын Түркістан облысының тумасы Асылжан Нұржан. Ол талай жарыста оза шауып, жүлделі орындарға ие болған. Биыл Щучинск қаласында өткен әуе шабуылына қарсы Қорғаныс күштері және Әуе Қорғанысы күштері арасында гір көтеру спортынан өткен жарыстарда бірінші орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінген.

«Жарыстарға дайындалуға, әскери бөлімнің, дивизионымыздың намысын қорғауға мүмкіндік беріп, жан-жақты қолдау көрсеткен басшылыққа алғысым зор. Алдағы уақытта 44803 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет етіп, Отанымыз Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің алға басуына үлесімді қосқым келеді. Соңымыздан ерген іні-бауырларымыздың еліміздің ержүрек азаматтары болып қалыптасуы үшін оларды әскери салаға бет бұруға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын!» - деді қатардағы жауынгер Асылжан Нұржан.

Ал Көкшетау қаласында дүниеге келіп, Астанада өсіп-ержетіп, әскерге дейін медициналық колледжде білім алған Әмір Еркін қазіргі уақытта дивизионда мейіргер болып қызмет атқарады. Сырқаттанып немесе өзін жайсыз сезінген сарбаздар болса, Әмір оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ем-шара тағайындайды. Керек кезде екпе егіп, тиісті дәрі-дәрмек береді. Сонымен қатар ол асханадағы тазалықты да бақылайды.

Қатардағы жауынгер Ибрагим Сафаров – түрік ұлтының өкілі. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында туып-өскен. Мектепте қазақ сыныбында оқыған ол өзінің ана тілі түрік тілін де жақсы біледі. Мектеп бітірген соң тарихи отаны Түркияның бірнеше қаласына сапарлап барған Ибрагим басында сол елде қалуды ойластырғанын, алайда өзінің туған жері Қазақстанды сағынып, қайтып оралғанын айтады.

«Мен Қазақстанда өмірге келіп, жергілікті қазақтармен бірге өстім. Түркияға барған соң мен үшін Қазақстаннан артық ел жоқ екенін түсіндім. Елімізге келген соң Отан қорғау жолында аз да болсын үлесімді қосқым келіп, өз еркіммен әскерге баруды ұйғардым. Бұл жерде көптеген нәрсені үйреніп жатырмын», - дейді қатардағы жауынгер Сафаров.

Саран қаласында сарбаздар арасында өткен барт әндерін орындау бойынша аккорд фестивалінде 2-орынды еншілеген өзбек ұлтының өкілі Фарход Омарқұлов қазақ тілін, қазақша әндер орындауды әскерге келіп үйренген. Бұдан бөлек ол әскерилер арасындағы концерттерге талай мәрте қатысып, үздік өнер көрсеткен. 44803 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Фарход Омарқұлов Түркістан облысындағы ата-анасы мен бауырларына жалынды сәлем жолдады.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4