Олар жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша үздік көрсеткіш көрсетті
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Аягөз гарнизонының танк және артиллерия әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған 12 сарбазға оқу грантының арнайы сертификаттары берілді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Отан алдындағы борышын аяқтаған жауынгерлерге грант сертификаттарын жеке құрамның алдында «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Дархан Әжібаев табыс етті. Ол жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша үздік көрсеткіш көрсетіп, лауазымдық міндеттерін адал орындаған.
«Мен үшін бүгін ерекше есте қаларлық күн. Отан алдындағы әскери міндетімді абыроймен атқарып қана қоймай, жоғарғы оқу орнына түсуге жол ашатын грант сертификатын алып үйіме барамын. Қуанышымда шек жоқ», - деді қатардағы Рахымбек Байдулла.
Айта кетейік, мерзімді әскери қызметке келу, жауынгерлік пен әскери-кәсіптік даярлықта және әскери тәртіпте жоғары нәтижелер көрсету, Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткеру нәтижелері негізінде тегін жоғары білім беру жөнінде шешім қабылдау, жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламасын таңдап, Қорғаныс министрлігінен ұсыныс алу, мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде жоғарғы оқу орындарына келіп, ұлттық бірыңғай тестілеусіз оқуға түсу – тегін білім алу үшін әскери қызмет өткерген азаматтарды іріктеудің тәртібі.
Білім алу үшін мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздар мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, барлау, оқ ату, техникалық даярлықтар, көлік жүргізу, РХБ қорғау, инженерлік, саптық, байланыс бойынша дайындықтар, жалпыәскери жарғылар, дене шынықтыру және әскери-медициналық әзірлік пәндерінен 5 балдық есеп бойынша бағаланады.