Тәжірибелік ұшу барысында ұшқыштар нұсқау-әдістемелік білімдерін жетілдіреді
Абай гарнизонының әуе базасында әскери бөлімнің ұшу құрамымен командирлік ұшулар өтті. Ұшқыштар күрделі метериологиялық жағдайларда маршрут бойынша ұшуды, қонуды пысықтады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Командирлік ұшулар – бұл командалық ұшу құрамының жауынгерлік даярлық курсының ең күрделі жаттығуларын орындауы, ұшуды қамтамасыз етуге инженерлік авиация қызметі мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету құрамы жұмылдырылады.
Командирлік ұшулар алдында мамандармен жерүсті даярлау, теориялық сынақтарды тапсыру және ұшуға рұқсат алу жүргізіледі. Ми-17 тікұшақтарында тәжірибелік ұшу барысында ұшқыштар нұсқау-әдістемелік білімдерін, экипаждардың ұшу басшылық тобымен өзара іс-қимылын жетілдіреді.
«Командирлік ұшулар – ұшу алдындағы дайындықтан бастап, қойылған міндеттерді орындаудан және оларды орындау қорытындысын шығарудан, ұшуларды ұйымдастыру мен өткізудегі эталон болып саналады», - деп атап өтті 54835 әскери бөлімінің командирі, полковник Азамат Базылов.
Айта кету керек, ұшқыштар үшін командалық ұшулар жас ұшқыштарды ұшуға дайындаудың маңызды кезеңі болып есептеледі және әуе базасының басшылық құрамы тікұшақты басқарудағы өз шеберліктерін бағынысты құрамға жеке үлгісімен көрсетті.