Арнайы ғылыми конференция ұйымдастырылды
Қорғаныс министрлігінің Алматыдағы әскери клиникалық госпиталінде қазіргі заманғы әскери медицина мәселелері талқыланған ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Аталған іс-шараға бөлімдер мен жоғары әскери оқу орындары медициналық қызметтерінің бастықтары, гарнизондағы медициналық мекемелердің өкілдері, әскери клиникалық госпитальдің жетекші мамандары, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысты.
Конференцияда Алматы өңірлік гарнизонының қазіргі кезеңдегі медициналық қызметінің қорытындысы шығарылып, қолда бар әлеуетті ескере отырып, оны жетілдіру жолдары белгіленді.
«Мұндай іс-шаралар өз тәжірибеміз бен қолжеткізген ғылыми жетістіктерімізді алмасуға, түрлі ауруларды диагностикалауға, емдеу мен алдын алуға ғылыми негізделген дәлелді тәсілдерді әзірлеуге ықпал етеді», – деді әскери клиникалық госпитальдің жетекші терапевті медицина қызметінің майоры Болат Тасыбаев.
Конференцияға қатысушылар медициналық мекемелерді қамтамасыз ету, әскери медицинаны цифрландыру, әскерлердегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру және ауруларды диагностикалау мәселелерін талқылады.
Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.