Онда негізінен шетелдік азаматтарды ғана қабылдап отырған
Ішкі істер министрлігі ҰҚК-мен бірлесіп, «Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ аумағындағы сауықтыру орталығы мен қонақ үй кешенін бүркемелеп, заңсыз ұйымдастырылған притондар мен казинолардың жолын кесті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған әрбір нысан тәулік бойы жұмыс істеп, күзетпен және қатаң фейс-бақылаумен қамтамасыз етіліп, негізінен шетелдік азаматтарды ғана қабылдап отырған. Қылмыстық «бизнес» жоғары пайда мен құпиялылықты уәде ете отырып, Қазақстанның жас қыздарын алдап-арбау арқылы жыныстық құлдыққа тартуға бағытталған.
«Жетісу облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және ҰҚКД 5 басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісе отырып, бес негізгі фигурантты, оның ішінде екі шетелдік азаматты ұстады.
Сондай-ақ интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 18 жастан 36 жасқа дейінгі жалпы 21 адам жеткізілді, оның ішінде 6 шетелдік әйел бар.
Тінту іс-шараларының нәтижелері бойынша ақша, ойын автоматтары, покер үстелдері және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Жетісу облысының полиция департаментімен жүргізіледі», – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.