3 мың грант бөлінеді: Әскерден кейін сарбаздар университетте тегін білім алады

Министрлік: сарбаздар әскерден кейін ҰБТ тапсырмай-ақ униерситетке грантқа түсе алады 

Админ
27/10/2023 - 23:39

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы мен бас инспектор – Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева еліміздің жоғары оқу орындарына түсу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында жүргізілген іріктеулердің қорытындылары мен қорғаныс ведомствосының басқа да бастамалары туралы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz

Қорғаныс министрлігі әскерде қызмет еткеннен кейін азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ тегін білім алу мүмкіндігін беру бойынша «Срочники 2.0» жобасын табысты іске асыруда.

Айгүл Төлембаева түсіндіргендей, қызмет барысында мерзімді сарбаздар өтеусіз негізде білім алу конкурсына қатысты. Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер Қорғаныс министрлігінің сайтында «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркелді.

Конкурстық іріктеуге 2022 жылғы көктем және күз мезгілдерінде әскерге шақырылған, биыл запасқа шығарылған 29 491 сарбаз қатысты. Азаматтық жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін 3 000 орын бөлінді, оның ішінде 350 орын елдің әскери оқу орындарына бөлініп отыр (көктемгі әскерге шақырылған әскери қызметшілер үшін маусым айында 1500 орын және күзде шақырылғандар үшін қазан айында осынша орын). Конкурстан өткендердің тізімі әлеуметтік желілерде жарияланып, оқу орындарына жолданды.

«Қорғаныс министрлігі әскер мектебінен өткендерге білім беру жеңілдіктерін заңнамалық реттеу бойынша жұмыс жүргізуде. Егер бүгінге дейін тегін оқыту ЖОО есебінен қамтамасыз етілсе, енді 2024 жылдан бастап осы норма заңда бекітілгеннен кейін азаматтардың бұл санаты мемлекет грантын алатын болады. Бұл жаңалық оларға шәкіртақы мен жатақхана алуға да кепілдік береді. Жатақханалардағы орындар жоғары оқу орындарына түсетін азаматтарға бірінші кезекте берілетін болады. Сонымен қатар бұл тегін және ақылы негізде оқитын студенттерге де қатысты», - деп атап өтті полковник Ербол Құмарбекұлы.

Бүгінде «Срочники 2.0» платформасында Қарулы күштердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық ұланның әскери бөлімдері тіркелген. Олардың барлығы 2022 және 2023 жылдары шақырылған 49 349 сарбаз.

«Биылғы қыркүйек айынан бастап 2022 жылғы көктемгі әскерге шақырылған 600-ден аса азамат білім беру жеңілдіктерін алып, ЖОО-да оқуды бастады. Жеңілдетілген оқытуға үміткерлер әсіресе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, «Astana IT University» ЖШС мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне үлкен қызығушылық танытты», - деді Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева.

Сондай-ақ қорғаныс ведомствосының өкілдері келер жылдан бастап әскерде қызмет еткен жастар ҰҚК Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның жоғары оқу орындарына түсе алатынын да хабарлады. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары оқу орнына түсу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мерзімді қызметін өтейтіндер үшін жеңілдіктер тізімі кеңейтілетін болады. Мемлекет басшысының мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне кредиттік каникулдар беру жөніндегі жоба да іске асырылуда. Бүгінде 5 мыңнан аса мерзімді қызметтегі сарбаздың төлемдері кейінге қалдырылды.

Бұл жолдағы маңызды қадам «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңында «Әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері» туралы баптың пайда болуы болмақ.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91