Ертіс өңірінен Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Григорьевич Поддубныйдың туған күні Республика күнімен тұспа-тұс келді. Қария бүгін 99 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оны құттықтауға Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері келді.
Николай Григорьевич Новосибирскіде дүниеге келген. 5 сыныптан бастап-ақ ол қаруға қызығушылық танытып, нысана көздеп, оқ атып, оқу гранаталарын зерделеді. 1942 жылы қолөнер мектебін бітіргеннен кейін өз еркімен әскерге барып, Омбыдағы танк мектебінде оқыды. 1943 жылдан бастап Солтүстік-батыс және Украина майдандарында соғысқан.
50-ші жеке атқыштар батальонының қатарында жарғыш болып қызмет еттім. Менің міндеттеріме жаудың қаруы мен оқ-дәрілерімен теміржол құрамдарын бұзу, ЖЖМ базаларын және вермахттың әртүрлі қару-жарақтары мен техникасын жою кірді. Біз жаудың алға жылжуына жол бермедік, қарсыластың тылында жүріп-ақ объектілерді миналау, ойда-жоқта шабуылдап, жару тапсырмаларын орындадық, – деді ардагер.
Шайқастардың бірінде Николай Григорьевич жарақат алды. Жеңісті ол азат етілген Германияның Бауцен қаласында қарсы алды. 1946 жылы ол демобилизацияланып, Новосибирскіге оралды, онда ол қалайы зауытында жұмыс істеді. 1985 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Павлодарға көшіп келді.
"Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Кеңес Одағының маршалы Жуков", "Отан соғысы ордені" медальдарын көрсеткен қария майданнан оралмаған әріптестерін еске алды.
Николай Григорьевич өскелең ұрпақтың жеңіс күнін оңай келмегенін және сол жолда құрбан болған ата-бабаларын ұмытпасын деген тілектерін айтты.
Қорғаныс министрінің атынан әскери қызметшілер оған алғыс хат табыс етті. Ардагер оларға ризашылығын білдірді.