Қорғаныс министрінің Республика күнімен құттықтау сөзі жарияланды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар!
Қадірлі отандастар!
Еліміздің ұлттық мерекесі - Республика күніне орай өз атымнан және Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы атынан шын жүректен шыққан құттықтауды қабыл алыңыздар!
Біз Қазақстан халқының бірлігі мен әрқайсымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің символы болып табылатын бұл мерекені ерекше қуанышпен қарсы аламыз.
Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық ауқымдағы үлкен жауапкершілікті жүктеді. Қазақстан халқы өзінің бірлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында уақыт сынынан сүрінбей өтті. Біздің басты міндетіміз – бірлік пен келісімді сақтап, нығайту. Бұл міндет еліміздің барлық азаматтарынан парасаттылықты, көрегендік пен өзара сыйластықты талап етеді.
Бүгінде Қазақстан Республикасы әлеуетті, әрі қарқынды дамып, өркендеп келе жатқан мемлекет, ал Қарулы Күштер - оның қауіпсіздігінің кепілі.
Барлық әскери қызметшілерге, Қарулы күштердің ардагерлеріне, ел азаматтарына зор денсаулық, мол бақыт, ашық аспан тілеймін! Жүрегіміздегі туған үйімізге деген жылу ешқашан сөнбесін, туған жерге деген сүйіспеншілігіміз еліміздің өркендеуі үшін жаңа жетістіктерге жетелей берсін!