Елімізде күзгі әскерге шақырылғандар арасында 20-дан астам кәсіби спортшы бар

Десанттық-шабуылдау әскерлеріне шақырылған жастар әскери қызметке бейімделуден өтіп жатыр

Sarbaz.kz редакторы
20/10/2023 - 16:52

Қызметтің алғашқы күндерінен бастап еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген әскерге шақырылушылар оқу полигондарында жүр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Әскерге шақырылушылар бөлімге келген сәттен бастап әскери ант қабылдағанға дейін тура бір ай өтеді. Осы кезеңде олар әскери қызметтің негіздерін игеріп, негізгі пәндерді, оның ішінде саптық, дене шынықтыру, жалпыәскери жарғылар мен әскери қызметтің қауіпсіздік негіздерін үйренуі керек.

Жауынгерлердің тезірек бейімделуі үшін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімдерінде ең тәжірибелі офицерлерден, сержанттардан, психологтардан тұратын жиын әкімшілігі құрылды.

Жиын әкімшілігі бастығының айтуынша, күзгі шақырылған жастардың арасында спортшылар көп. Оның ішінде жиырмадан астам адам спорт шеберіне үміткер және жекпе-жектің әртүрінен дәрежесі бар. Маңғыстау облысынан бокстан Қазақстан чемпионы және грек-рим күресінен Азия чемпионы шақырылып отыр. Мерзімді қызметін өткеру барысында оларға жаттығу үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Спортшылар Қарулы күштердің деңгейінде өтетін жарыстарға қатыса алады. Спорттық аренада Десанттық-шабуылдау әскерлерінің намысын қорғамақ.

«Алматы облысының «Іле» полигонында Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарынан шақырылған 200-ден астам бозбала жас жауынгер курсынан өтуде. Бүгінгі таңда олар күн тәртібі мен жаңа режимге үйреніп қалды деп сеніммен айта аламыз», – дейді жиын әкімшілігінің бастығы подполковник Бақытжан Қырғызалиев.

Ол әр сарбаздың жеке басын, мінез-құлқы мен ерекшеліктерін анықтау үшін психолог-офицерлер әңгімелесулер мен тестілеу өткізетінін айтты. Алматы гарнизонының әскери полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады, әкімшілік және қылмыстық кодекстер баптарының ережелерін түсіндіреді.

Подполковник Б. Қырғызалиев жастармен болатын күнделікті әңгімелесуден кейін 50-ден астам сарбаздың әскерге шақырылғанға дейін тұтынушылық несиелерді рәсімдегені анықталғанын айтты. Қазір оларға «кредиттік демалыс» ресімдеу бойынша жан-жақты көмек көрсетілуде. Бұл мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және оларды қолдау жөніндегі шаралардың бірі.

Астанадан шақырылған жиырма жасар Дмитрий Сүлейменов мектептен кейін бірден мерзімді қызметті өткеру туралы шешім қабылдапты. Бірақ қорғаныс істері жөніндегі басқарманың шақыртуы биыл ғана қолына тиген. Ол колледжді жеңіл және ауылшаруашылық машиналарының механигі мамандығы бойынша бітірген. Алған мамандығы қызмет барысында кәдеге асатынына сенімді. Жас жігіт өзінің десанттық-шабуылдау әскерлеріне қызмет етуге келгенін ерекше бір сезіммен айтады.

«Жуырда ғана біз секіру алаңына бардық. Онда көктемде шақырылған жігіттердің алғаш рет парашютпен секіргенін көріп, таң қалдық. Менің де арманым өзімді сынап көру. Әскердегі қызметтің арқасында көп ұзамай ол арман орындалатынына сенімдімін және сол сәтті асыға күтемін», – дейді жас сарбаз.

Әскер қатарына шақырылған Сүлейменовтің үйінде ата-анасы, денсаулығына байланысты әскерде қызмет ете алмайтын сыңары, мектепте оқитын кіші қарындасы және бір жарым жасар інісі күтуде. Дмитрий барлық сарбаздар сияқты апта сайын үйіне қоңырау шалып, жаңалықтары мен жетістіктерін, командирлер мен достасып үлгерген әріптестері туралы айтып тұрады.

Жақын арада әскерге шақырылушылар беренді машиналармен және алғашқы атыс қаруларымен сынақтан өтеді. Содан кейін оларды Әскери ант беру салтанатты рәсімі күтеді.

Айта кетейік, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Алматыда қару-жарақ қоймасын тексерді.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94