Қорғаныс министрі Алматыда қару-жарақ қоймаларын тексерді

Сол сияқты әскери техника паркін қарап шықты

Sarbaz.kz редакторы
20/10/2023 - 16:26

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Алматыға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Өңірлік гарнизонда қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрлігінің бірқатар әскери бөлімдерінде болды.

Қорғаныс министрі Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің гарнизондағы әскери бөлімдердің қызметін ұйымдастыру, жауынгерлік дайындық сабақтарын өткізу алгоритмі және жоғары жауынгерлік әзірлікті қолдау жөніндегі іс-шаралар туралы баяндамасын тыңдады.

Райымбек батыр атындағы десанттық-шабуылдау бригадасында министр зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймаларын, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника паркін қарап шықты. Ол әскери техниканы жарамды күйде ұстаудың маңыздылығын атап өтіп, оларды техникалық сүйемелдеу және жөндеу мәселелерін нақтылады. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери бөлімнің жатақханасын жөндеу барысына ерекше назар аударды.

73652 әскери бөлімінде полигон және тренажер жабдықтарын жөндеу бөлімшесінің бастығы майор Ринат Мүбараков қорғаныс ведомствосының басшысына жөндеу бөлімшесіне жүктелген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Полигондық жабдықтар жиынтығына ағымдағы жөндеу жүргізуден бөлек, көшпелі жөндеу топтары Қарулы күштердің оқу полигондарында монтаждау, жөндеу және іске қосу жұмыстарына практикалық көмек көрсетеді.

Осындай бейіндегі мамандардың қажеттілігіне байланысты бөлімше оқу полигондарының электрик-операторларын қолда бар жабдықта оқытуды да жүзеге асырады. Өндіруші зауыттармен өзара іс-қимылда рационализаторлық жұмыстар, полигондық жабдықтар мен нысаналы алаңдарды басқарудың жаңа жүйелерін жаңғырту және әзірлеу жүргізіледі.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери инфрақұрылымды дамыту, жұмыстардың орындалу мерзімі мен сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91