Абай облысының өрт сөндірушілеріне жаңа техникалар тапсырылды

2023 жылдың басынан бері Абай облысында 808 өрт тіркелген

Sarbaz.kz редакторы
19/10/2023 - 21:20

19 қазан – Құтқарушы күніне орай, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев құтқарушыларға жаңа техникалардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Берілген техникалардың 7 данасы республикалық бюджет есебінен алынған болса, тағы 12 техника жергілікті бюджеттен бөлініп отыр.

Айта кетерлік жайт, былтыр өңір басшысы төтенше жағдай қызметкерлеріне 9 өрт сөндіру техникасының кілтін табыстаған болатын.

Іс-шара соңында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құтқарушыларды келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, қажетті техникамен қамтамасыз ету жұмыстары одан әрмен де кезең-кезеңімен жүзеге аса беретінін жеткізді.

Облыс құтқарушылары көптеген міндеттерді орындайтыны белгілі, олар түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюмен айналысады. Сонымен қатар, жоғалған адамдарды іздеуге қатысады, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді, әртүрлі салаларда қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылайды. Құтқарушы - бұл күрделі, қауіпті және батыл мамандықтардың бірі ғана емес, бұл ең алдымен – мамандық иесінің жүрек қалауы.

Жалпы, 2023 жылдың басынан бері Абай облысы аумағында 847 төтенше жағдай болған, оның ішінде 808 өрт оқиғасы тіркелген. Шыққан өрт оқиғаларының  басым бөлігі тұрғын үй секторына тиесілі.

Облыс құтқарушылары 2106 авариялық және шұғыл құтқару жұмыстарын жүзеге асырды.

Бұдан бөлек, автокөліктерде шыққан өрттер санының артуы байқалады. Жыл басынан бері әртүрлі жағдайда  69 көлік отқа оранған.

Өрт қауіпі бар маусымның басынан бері Абай облысында 188 орман өрті болған. Қызыл жалын шарпыған  аумақ 67 489 гектар. Бұдан бөлек, 12 дала өрті тіркеліп, оның аумағы 12 209 гектар жерді құрады.

Биылғы жылдың  9 айы ішінде облыс құтқарушыларының арқасында 309 ересек адам мен 43 бала құтқарылды.

Арнайы техника мен материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Тегтер

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07