Бүгінгі күннің батырлары: өрт сөндіруші құтқарушылар қалай жұмыс істейтіні туралы айтты

Қазақстанда Құтқарушылар күні 19 қазанда аталып өтеді

Sarbaz.kz редакторы
19/10/2023 - 18:26

Астаналық өрт сөндіруші №7 МӨСБ Бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Рауль Сивадилов қызметі, оның адам өміріндегі маңыздылығы жайлы әңгімелеп берді. Бұл туралы Sarbaz.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сөз басында ол неліктен бұл саланы таңдап, осы қызметке келгені туралы ойымен бөлісті.

«Бұл бөлімде 2016 жылдың ақпан айынан бастап өртке қарсы қызметінде жұмыс істеймін. Бұл саланы таңдаған себебім 2015 жылы үйімде оқыс жағдай болып, өртке тап болдық. Сонда үйіме келген өрт сөндірушілердің батырлығын көріп, осы қызметке деген құлшынысым артып, өрт сөндіруші болғым келді.

Негізгі жұмыс тәртібім таңертеңнен бастап әр өрт сөндірушіге өзінің қызметтік жұмысын түсіндірумен басталады. Жаңадан келген өрт сөндірушіге өз ісінің кәсіби маманы ретінде нұсқама жүргізіледі. Әр адам өзінің батырлық сезімін оятуы және осы жұмысқа деген құлшынысын арттыруы қажет өте маңызды», - дейді №7 МӨСБ Бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты.

Рауль Сивадилов сөзін жалғай отырып, отбасына көңіл бөлу жағдайына тоқталып өтті.

«Үйде балаларымның тәрбиесімен айналысамын. Өзім көпбалалы әкемін. Балаларымның физикалық және білімін арттыру ісіне көбірек көңіл бөлемін», - дейді.

Елордалық өрт сөндіруші сөз арасында ең үлкен әрі қауіпті оқиға орнына қашан шыққаны туралы әңгімелеп берді.

«Бұл кәсіби мамандықта ең ірі өрттердің бірі ретінде Абай облысында болған орман өрті есімде ерекше қалды. Ондағы өрттің ауқымы және әртүрлілігі үлкен қиындық тудырды.

Жұмысымыздың негізгі міндеті – қайғылы жағдайларды болдырмау, өртке қарсы тұру, оның алдын алу, ал ең негізгісі – адам өмірін қорғау», - деді ол.

Сөз соңында әріптестерін бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтап өтті.

«Құтқарушыларды кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Бәріңізге зор денсаулық, ашық аспан, қажымас қайрат тілеймін! Үйлеріңізде береке-бірлік болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Айта кетейік, Қазақстанда Құтқарушылар күні 19 қазанда аталып өтеді.

Тегтер

×

Редакция

$ 480.61  534.53  5.28