Салтанатты рәсім ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды
ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында денсаулығы мығым және моральдық-психологиялық жай-күйі мұқият іріктеуден өткен 28 әскерге шақырылушыны шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Аталмыш іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, елорда әкімдігінің, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге кетіп жатқандардың туған-туыстары қатысты.
«Отанды қорғау – қасиетті парыз, ал әскери қызмет – әр адамның абыройлы міндеті. Әскерде сендер қару-жарақты қолдануды үйренесіңдер, күрделі әскери техниканы меңгересіңдер. Бір жыл ішінде сендер мықты әрі батыл Отан қорғаушы боласыңдар. Туыстарың мен жақындарың сендерді мақтан тұтатындай қызмет етулеріңе тілектеспін», – деді Қарулы Күштер Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов.
«Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов ел қорғауға дайын азаматтар тәрбиелегені үшін ата-аналарына алғысын білдіріп, әскерге шақырылушыларды белсенді болуға шақырды, оларға әскери ортаға тез бейімделуде және армияның қыр-сырын үйренуде сәттілік тіледі.
«Мен 22 жастамын, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін армия қатарына қызмет етуге бара жатырмын. Бұл менің әкем жүрген жолды таңдауым. Әкеме ұқсағым келгені. Аман-есен борышымды өтеп, келісімшарт негізінде қызмет етсем деген ниетім де бар», – деді әскерге шақырылушы Әділет Егінбаев.
Бұл легпен әскер қатарына белгілі журналист, блогер Динара Сәтжан да ұлын шығарып салды.
«Армия – бұл төзімді болуға үйрететін өмір мектебі. Менің өзіме ұнайтын «шыдамдылық біткен жерде, төзімділік басталады» деген сөз бар. Ер адамдар үшін бұл өте маңызды. Балалар үшін бұл интернетсіз, гаджетсіз өтетін бір жыл болмақ. Алайда бұл уақыт текке кетпейді, Отанға, өзіңе арналатын жыл. Мұндай кезеңнен кез келген адам өтуі керек деп ойлаймын», – деді ол.
Салтанатты рәсім ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.