Авиация соққыларына тойтарыс беру, сондай-ақ қорғаныс пен шабуылдағы іс-қимылдарды пысықтады
Бөлімдердегі жауынгерлік дайындық циклінің келесі кезеңі жауынгерлік атыстарды қамтыған батальондық тактикалық жаттығулар болды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Батальондар мен дивизиондарды жауынгерлік үйлестіру барысында әскери қызметшілер оқу ату жаттығуларынан, тактикалық, инженерлік дайындықтардан нормативтер тапсырып, оқ атуды басқару бойынша жаттығулар өткізді. Офицерлік құрамның командалық дағдыларын және әртүрлі бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруді пысықтады.
Оқу-жаттығу шеңберінде бөлімдер мен бөлімшелер жауынгерлік техникамен марш жасап, жергілікті жердің шартты түрде уландырғыш заттармен залалданған учаскелерін еңсерді. Авиация соққыларына тойтарыс беру, сондай-ақ қорғаныс пен шабуылдағы іс-қимылдарды пысықтады.
Әскери маневрлерде күрделі, стандартты емес жағдай жасалды, бұл командирлердің дербестігін, шешуші әрекеттерін, бөлімшелерді басқару бойынша кенеттен туындайтын міндеттерді орындауды талапетеді. Жауынгерлік атыстарды жүргізу кезінде басты назар дұрыс тактикалық іс-қимылдарға, қару-жарақты ұрыста шебер, әрі тиімді қолдануға, бөлімшелердің атысын басқаруға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға аударылды. Бірқатар батальондық тактикалық жаттығулар екі жақты форматта өтті.
– Жауынгерлік атыстардан тұратын тактикалық оқу-жаттығуларбөлімшелерді оқытудың ең жоғары және тиімді түрі саналады. Жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен далалық дағдыларын арттыруда маңызды құралдардың бірі болып саналады. Оқыту кезінде шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылады. Басты ерекшелік – соққылар мен маневрлердің, тактикалық және атыс міндеттерінің нақты жалпы әскери ұрыс жағдайында шешілуі, – деп атап өтті Құрлық әскерлері Жауынгерлік дайындық бас басқармасының бастығы полковник Марат Әбдіхалықов.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі полигондарда өткен батальондық тактикалық оқу-жаттығуларына барлығы 10 мыңнан астам әскери қызметші, 3 мыңға жуық техника тартылды.