Кеше 45 құтқарушы жіберілген
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша қолдау көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтары бөлінді. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жөнелтілетін гуманитарлық жүктің тізбесінде барлығы 1659 тонна көлемінде 13 түрлі тауар бар.
Бұдан басқа, «СК Фармация» ЖШС Ауғанстанға жөнелту үшін дәрі-дәрмектер бөлді.
Дәрі-дәрмектер мен шатырлар Ұлттық ұланның ұшағымен жіберілді, оларды адресаттар бүгін алады.
Қалған гуманитарлық көмекті жеткізу теміржол көлігімен жүзеге асырылады.
Бір күн бұрын Герат провинциясына іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ-нің 45 қызметкері жіберілді.