Өзбекстанда арнайы кездесу өтті
Қазақстан мен Өзбекстан Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық тәрбие саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда. ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Асенов бастаған қазақстандық делегация Ташкент пен Самарқанд қалаларында болды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қазақстан қорғаныс ведомствосы делегациясының басшысы Арман Асенов пен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің руханият және ағарту орталығының бастығы полковник Валижон Дадажонов өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
2024 жылға арналған бірлескен іс-шараларды өткізу туралы «Жас сарбаз» және «Ватан тайянчи» республикалық әскери-патриоттық балалар-жасөспірімдер қозғалыстарының төрағалары майор Мейірбек Меңдіғалиев пен полковник Бахром Зульфикоровтың кездесуінде айтылды.
Тараптар Қазақстанда жыл сайын өтетін «Айбын-2024» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына «Ватан тайянчи» қозғалысының тәрбиеленушілерінің қатысу мүмкіндігін қарастырды.
Қазақстандық делегация Самарқанд қаласында «Ватан тайянчи» қозғалысының қатарына қабылдауға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Оның қатысушылары үшін ұйымдастырушылар әскери-техникалық мектеп тәрбиеленушілерінің жұмыстарын, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және әскери оркестрдің концертін қамтитын ауқымды бағдарлама дайындады.
Сапар барысында қазақстандық делегация Самарқанд қаласындағы бірқатар тарихи-мәдени ескерткіштерді, «Жеңіс паркі» мемориалдық кешенін және «Янги Өзбекстан» саябағын аралады.