Десанттық-шабуылдау әскерлерінің сарбаздары запасқа шықты

Админ
07/10/2023 - 21:35

gov.kz

gov.kz

Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарында белгіленген мерзімде қызмет өткерген мыңнан астам сарбаз әскери бөлімдердің Жауынгерлік туымен бір мезгілде қоштасты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Запасқа шығарылған сарбаздардың алғашқы командалары үйлеріне қайтты. Олардың бірі туған үйіне пойызбен жолға шықса, енді бірін достары мен жақындары бөлімнің бақылау-өткізу пунктінде қарсы алды.

Әскери бөлімдерде шығарып салуға арналған салтанатты рәсімдер өтіп, онда сарбаздарға командирлері, әріптестері және ізбасарлары ақжол тіледі.

Мен үшін бір жыл уақыт зымырап өте шықты. Осы кезең ішінде әскери мамандықты толық игердім десем де болады. Десант боп, парашютпен секірдім. Кең көлемді «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуларына қатыстым. Ал қазір осының бәрі артта қалғанына сенбей тұрмын. Плацта бөлімнің Жауынгерлік туымен қоштасып, көк береттерімізді аспанға лақтырған сәтте ғана көп ұзамай, жақындарыммен қауышатынымды сезіндім, – дейді өз әсерін бөліскен қатардағы жауынгер Мират Төлепбаев.

Алматы десанттық-шабуылдау құрамасының командирі подполковник Данияр Қарманов әр сарбазды өз бауырындай құшағына басып, Айтуар Қадырбаевқа парашютшінің төсбелгісін сыйға тартты.

Сарбаз әкесі Андрей Журавлев – әскери зейнеткер. Ол ұлы Евгенийді бала күнінен Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеген. Уақыты келгенде баласының алдында қызмет ету керек пе, жоқ па деген сұрақ туындай қойған жоқ. Женя да бірден Десанттық-шабуылдау әскерлерін таңдады.

Десантшылардың атыс, дене шынықтыру деңгейі басқа әскерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Ұлымның таңдауына тек қолдау көрсетіп, сәттілік тіледім. Бүгін, міне, Отан алдындағы борышын адал атқарып, азамат атанды. Ал қазір ол IT саласы бойынша жоғары білім алуды жоспарлауда, – деп  өз мақсаттарын нақтылай түсті Андрей Журавлев.

Белгіленген қызмет мерзімін өтеген барлық сарбаздар әскери бөлімдерден құр қол қайтқан жоқ. Ата-аналарына естелік сыйлықтар, альбомдар мен алғыс хаттардан бөлек, оларға екі жыл ішінде ҰБТ-ны есептемей еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін сертификаттар берілді. Ал қызметте үздік нәтиже көрсеткен жігіттерге Қорғаныс министрлігі тегін жоғары білім алуға мүмкіндік берді.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орны қорғаныс ведомствосымен бірлесіп, мерзімді қызметін өткерген жауынгерлерге тегін жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91