БАҚ өкілдеріне жасалған террорлық шабуыл: майдан даласында аман қалу үшін не істеу керек

Террористік шабуылдан аман қалудың жолы қандай?

Жанель Нұрболатқызы
02/10/2023 - 17:29

Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған жетінші «Әскери дискурс» практикалық семинарында журналистер қандай жағдайларға тап болды? Сынақтарға шыдай алды ма? Журналист қауіпті аймақта қалай әрекет ету керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Sarbaz.kz тілшісі оқырман назарына ұсынады.

«ЛИЦОМ В ПОЛ! РУКИ ЗА ГОЛОВУ!»

«Әскери дискурс» 25-27 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласындағы Спасск әскери оқу-жаттығу орталығында өткізілді. Шындығын айтқанда, қандай қиындықтар күтіп тұрғанынан бейхабар болдық. Елестетуімізде семинар ашық аспан астындағы тренинг түрінде, жайбарақат күйде өтуі керек еді. Әуелде солай болды да: алдымен нұсқаушылар жылы қарсы алып, жатақханаға жайғастырды, кейін командамен жақынырақ таныстыру мақсатында тимбилдинг ұйымдастырылды, одан соң кешкі асқа жайғасып, дастарқан үстінде пікір алмастық. Дискурсқа өткен жылдары қатысқандар алда шытырман оқиғалармен бетпе-бет келетінімізді айтты. «Әскери дискурстың» не екенін сонда ғана ұқтым. Енді әлдене бола қалса демде жиналу қажет. Сондықтан ұйықтар алдында жылы киімдерімді дайындап, қашанда сақтық танытуға бел будым. Дегенмен түн тыныш өтті. Ертеңгі уақытта таңғы асқа барып келіп, лекция тыңдауға кірістік.

Дискурс нұсқаушысы экстремалды аймақта ескерілуі тиіс ережелермен таныстырып, қарулы қақтығыс кезінде айналадағыларға алғашқы әскери көмек көрсету жолдарын практика жүзінде түсіндірді. Қатысушылардың көпшілігі нұсқаушының әр сөзін мұқият тыңдады. Бірақ қалғып-мүлгіп, бойын әзер жинап отырғандар да болды. Ұйымдастырушылар оларды камераға түсіріп алып жатты (оның себебін кейін білдік). Барлығымыз сақтық жайында ұмытып, бейқам күйге ендік. Кенеттен атыс дыбыстары естіліп, қару асынған, бетперде киген адамдар жанымызға әп-сетте жетіп келіп, «Лицом в пол! Руки за голову!» деп айқайлай жөнелді. Лекция кезінде лаңкескерге қарсы шықпау керек екені айтылғандықтан ба, жоқ әлде бойдағы қорқыныш-үрей әсер етті ме, ешкім қашып құтылуға тырыспады да. Бұл алдағы террористік шабуылға дайындық қана болса керек, лаңкестер ұзаққа созбады, барлығы лезде аяқталды. Зәре-құтымыз қашса да, оңай құтылғанымызға қуанып, лекция тыңдауды жалғастырдық.

Нағыз сынақ кешке болды. Әріптестерімізбен жатақхананың ортаңғы бөлмесінде әңгіме-дүкен құрып отырған едік. Алғашқы шабуылды ұйымдастырғандар да бізбен бірге болғандықтан, ештеңеден сезіктенбедік.  Алайда басқа да «лаңкестердің» барын, күндізгі шабуылдың кешкі уақытта жалғасарын кім білген, жау күтпеген жерден баса-көктеп кіріп келді. Не істерімді білмей қалшиып тұрып қалдым. Нақты кім екенін көріп те үлгермедім, әйтеуір бір әріптесімнің «Тезірек еденге жат!» дегенін естігенде ғана есімді жидым. Лаңкестік топ көзіміз бен қолымызды байлап қойды. Бірнеше минут бойы сол күйі қозғалмай отырдық. Кей әріптестерімізді көлікке тиеп, тұтқынға алып кетті. Кейін белгілі болғандай, оларды жертөлеге алып барып, сұрақ астына алған. Жертөле тұрмақ, жатақхана ішінде қалған біз ұзаққа дейін есеңгіреп отырдық, ал тұтқындағылардың қандай сезімде болғанын елестетудің өзі қиын. Бұл жолы атылған оқ пен лаңкестердің айқайы, білінер-білінбес болса да соққыға жыққаны жадымызда ұзаққа сақталды.

Айта кетерлігі, лаңкестер күндізгі лекцияны зейін қойып тыңдағандарды жатақханаға қалдырып, ал ұйықтап немесе сабаққа мән берместен бір-бірімен әңгімелескендерді тұтқынға алған.

ОҚҚА ОРАНҒАН МАЙДАН ДАЛАСЫ

Үшінші күні де алдымен теориялық білім алып, кейін оны практикада қолдандық. Террористік шабуыл кез келген уақытта басталуы мүмкін екенін әбден ұғынып алсақ та, бойымызды қорқыныш биледі – жау әне-міне кіріп келетін секілді, соңғы күнгі шабуыл алғашқыларынан да үрейлі болатындай. Десе де, теория кезінде лаңкестер ешқандай әрекет жасаған жоқ. Қызықтың бәрі түстен кейін басталды. Теориялық сабақты аяқтап, барлығымыз жатақхана алдында жиналдық. Нұсқаушылардың көмегімен оқ өткізбейтін сауыт пен дулыға киіп, оқу-жаттығу алаңына қарай жол тарттық. Межеге жеткен бойда командирлер екі топқа бөлініп, саппен жүруімізді бұйырды. Бейбіт өмірде жүріп, майдан даласынан бір-ақ шыққанда абыржып, қарапайым ғана бұйрықты орындай алмай жан-жаққа қашқанымыз бар. Бұл жағдай шынайы өмірде болса, қарша бораған оқтан құтылып шықпасымыз анық. Командирлер осыны айтып, қайтадан екі қатарға тізді. Бұдан былай саптан шықпай, тоқтамастан жүгіріп келеміз. Маңдайдан тер моншақтап ағып, бойдағы күш-қуат барған сайын азайып барады. Бірақ күлің көкке ұшпасын десең, тоқтауға болмайды.

Араға бірнеше минут салып, минаға толы аймаққа келіп жеттік. Бастысы – мұқият болу. Бірақ сапты бастағандар қанша жерден қырағылық танытса да, бірден «жарылысқа ұшырап», сабақтан уақытша шығарылып жатты.

Мина алаңынан кейін алдымыздан жанып жатқан үйлер көрінді. Соғыс ошағына айналған жерге жақындай түскеніміз сол жараланған тұрғындардың көмек сұрап айқайлап жатқаны естілді. Жылдамдықты үдетіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге орналастырған бойда алғашқы көмек көрсеттік. Сынақ осымен аяқталды.

Сынақтан кейін аз-кем демалып алып, практикалық сабақты талқылап, қорытындылауға кірістік.

ТЕРРОРЛЫҚ ШАБУЫЛҒА ҰШЫРАҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Шабуыл кезінде өзіңді қолға алып, қорқынышты басуға тырысу керек. Лаңкестер шабуылдағанда қолдан келер жалғыз шара – бұйрыққа бағыну. Ал ашуға бой алдырып, қарсы шығар болсаң, сол бойы ажал құшуың немесе тұтқынға алынуың мүмкін.

 – Лаңкестер журналисті әртүрлі себептермен тұтқынға алады: кепіл тұтқын ретінде, белгілі бір ақпарат алу мақсатында,  өзгелерге сабақ болсын деген ниетте. Сізден не талап етілетінін анықтап, жағдайға қарай әрекет ету керек. Сондай-ақ журналист қандай жағдайға тап болса да, қолына қару алмауы тиіс екенін де ұмытпаңыз. Қолына қару алған тілші қол сұғылмайтын адам мәртебесін жоғалтып, басын қатерге тігеді. Аман қалған жағдайдың өзінде оны халықаралық конвенциялардың қорғап алуы екіталай болады, – дейді нұсқаушылардың бірі Руслан Бек.

Сан мыңдаған оқыс оқиғалар, от пен оқ жауған қан майдан, адам баласын ара-тұра сілкіп алатын табиғи апат... Қандай жағдай орын алмасын, журналистің міндеті – замана шындығын көрсету, өткір де өзекті мәселелерді жариялау. Дейтұрғанмен дәл сол сәтте өміріңе қауіп төнетін болса, сюжетті емес, аман қалуды ойлау керек. Өйткені ешқандай материалдың адам өмірінен артық емес екені сөзсіз.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91