Қорғаныс министрінің орынбасары арнайы тексерді
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов әскери бөлімдер мен мекемелердің 2023-2024 жылғы жылыту кезеңіне дайындық барысын, ағымдағы және күрделі жөндеулерді іске асыру, модульдік ғимараттар салу барысын тексерді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Бүгінгі таңда Алматы, Жетіген, Қонаев және Гвардейск гарнизондарында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 42 қазандықта аяқталуға жақын. Қазандықтардың жылыту жүйелеріне гидравликалық нығыздау жүргізілді. Апаттық жылу желілері ауыстырылды. Қыздыру қазандықтарына дефектоскопия жасалып, қажетті тетіктер жаңартылды. Жанар жағар майдың 70 пайызы қоймаларға жеткізілді. Қалған отынды жеткізу кесте бойынша жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқталмақ. Жергілікті жерлердегі қазандық операторларына тиісті нұсқаулар берілді. Жалпы алғанда, жоғарыда аталған гарнизондардың алдағы жылыту маусымына дайындығы 95% құрайды.
Әскери бөлімдер мен мекемелердің 108 нысанына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Оның жиырмасында қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандарға да қажетті материалдар жеткізіліп, жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жалғасуда.
Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу орталығында орналасқан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің кіші мамандары мектебінде казарма, штаб және оқу корпусы, сондай-ақ Қонаев гарнизонындағы 64192 әскери бөлімінің медициналық мүлікті сақтауға арналған қоймалары уақтысынан бұрын пайдалануға берілді.
Биылғы жылы Қорғаныс министрлігі 99 модульдік ғимаратты монтаждауды жоспарлап отыр. Жылдың соңына дейін оларды тапсыру мен пайдалануға қабылдау жүзеге асырылатын болады. Бұл мерзімді қызметтегі жеке құрамға арналған заманауи модульдік казармалар, штабтар, жеке құрамды дайындауға арналған сыныптар және асханалар. Осы және басқа да нысандар қажетті жиһазбен және мүкәммалмен жабдықталады.
Сондай-ақ осы аптада Гвардейск гарнизонында 21742 әскери бөлімінің модульдік штабы пайдалануға берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.