«Жауын-шашын болғанда көшелерді су басып кетеді»: Тоқаев елорда әкімін сынға алды

Президент елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Sarbaz.kz редакторы
11/07/2023 - 21:40

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Астана әкімдігі келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазір қалада бір ғана кәріз тазарту қондырғысы бар, яғни оның жұмыс жүктемесі шамадан тыс болып тұр. Бүгінде тәулігіне қосымша 140 мың текше метр суды тазарту қажет. Осындай екінші қондырғы үшінші сорғы-сүзгі стансасымен қатар салынуға тиіс еді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілейін деп жатыр. Ал кәріз тазартудың екінші қондырғысын жобалау жұмысы әлі біткен жоқ. Жұмысты дұрыс жоспарламаудың кесірінен түйткілдер қордалана береді. Сондай-ақ келесі жылы төртінші сорғы-сүзгі стансасын салуға кірісу керек. Телман елді мекеніндегі сорғы стансасынан техникалық су құбырын тартудың екінші желісінің құрылысын да бастау қажет», - деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырды.

«Қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда. Үкімет осы ағызылатын қалдық судың көлемін нормативтік тұрғыдан реттеуі қажет. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс. Сондай-ақ жауын-шашын болғанда көшелерді су басып кетеді. Бұл да өзекті мәселе болып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент кәріз жүйесі су ағынына төтеп бере алмай тұрғанын атап өтті.

«Жуырдағы жаңбыр кезінде осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа нөсер кәрізінің құрылысы толық аяқталған жоқ. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, бас қаланы сумен қамтамасыз етудің және су тартудың тиімді жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл – тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті басты талаптардың бірі», - деді Мемлекет басшысы.

×

Редакция

$ 478.96  533.03  5.22